Алматыда сарапшылар жастар арасындағы құндылықтар туралы пікір алмасты

Бүгін, 14:09 / Інжу Әлихан

Алматыда қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының қатысушыларымен кездесуі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Narxoz Business School алаңында өткен ашық диалогтың негізгі тақырыбы жастар арасында заманауи қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру, ресурстарға жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу, үнемшілдік қағидаттарын ілгерілету және ысырапшылдықты қабылдамау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамаларын жүзеге асыру болды.

Кездесуге талдау мектебінің түлектері, ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындарының, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар жаңа буынның жас көшбасшысы қандай болуы керек және мемлекеттік шешімдер қабылдауда талдаудың рөлі қандай деген мәселелерді талқылады.

Кездесуді ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бүгінде мемлекеттің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адами капиталдың сапасымен, білім деңгейімен және азаматтардың жауапкершілігімен айқындалатынын атап өтті.

«Талдау мектебі. Алматы» — бұл жай ғана білім беру бағдарламасы емес. Бұл деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыратын, кәсіби талдамалық қауымдастықты дамытатын және Алматының өзекті мәселелері бойынша практикалық ұсыныстар әзірлейтін бірегей алаң», — деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтар бүгінде қаланың жастар саясатының негізіне айналып отыр. «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары «Жасыл ел», «Эко-рейнджерлер», «Azamat», «НаркоСТОП», өңірлік ғылыми гранттар және «Жастардың қатысу бюджеті» жобаларында көрініс табуда. Бұл бастамалар арқылы жастар қоғамдық өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, белсенді қатысушысына айналып келеді.

Кездесу барысында идеологиялық құндылықтарға ерекше назар аударылды. Science Hub эдьюкейторы Гүлдана Мәмбетова «Адал азамат» тұжырымдамасы волонтерлік, зерттеу қызметі, білім беру және жеке жауапкершілік арқылы жастардың күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін айтты.

«Әділетті Қазақстан ең алдымен мәдениетті, білімді, жауапты және адал азаматтардан басталады», — деді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құқық үстемдігі және жасанды интеллект орталығының директоры Дана Байтуқаева «Заң мен тәртіп» қағидатын бүгінде талдаусыз және деректерге негізделген шешімдерсіз жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар проблемаларды шешуге ғана емес, олардың алдын алуға да қызмет етуі тиіс.

Қазіргі жастардың құндылық бағдарлары туралы IT-кәсіпкер Айболат Құлатай да пікір білдірді. Оның ойынша, цифрлық дәуір жоғары оқу орындарынан тек білікті мамандарды ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуді талап етеді.

Кездесу соңында қатысушылар «Талдау мектебі. Алматы» жобасы кәсіби білімді жауапкершілік, әділеттілік және қоғамға қызмет ету құндылықтарымен ұштастыратын жас сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыратын алаңға айналып келе жатқанын атап өтті. Болашақта дәл осындай мамандар Алматының тұрақты дамуына және елдің стратегиялық бағытын жүзеге асыруға ықпал ететін шешімдер қабылдай алады.

 

Тэгтер:

талдау