Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде жас сарбаздар әскери қызметтегі маңызды кезеңдердің бірі – жауынгерлік қарудан алғашқы атыс жаттығуын орындады. Бастапқы әскери даярлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сабақ барысында олар АК-74 автоматымен 100 метр қашықтықтағы нысаналарға оқ атып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алғашқы атысқа дейін әскери қызметшілерге қауіпсіздік талаптары, қаруды қолдану тәртібі және атыс кезіндегі іс-қимыл алгоритмі жан-жақты түсіндірілді. Әр сарбаздың дайындығы жеке тексеріліп, тек содан кейін ғана оқу атысына қатысуға рұқсат берілді.
— Жауынгерлік қарудан алғашқы рет оқ ату – әр сарбаздың әскери өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл жаттығу олардың қарумен жұмыс істеу машығын жетілдіріп қана қоймай, жауапкершілік пен сенімділігін арттырады, — деді бөлім командирінің орынбасары подполковник Бахыт Муналов.
Алғашқы атыс жаттығуына қатысқан мерзімді әскери қызметші Нұрболат Джандарбеков алған әсерімен бөлісті.
— Бұл күн мен үшін ерекше есте қалатын сәт болды. Жауынгерлік қарумен алғаш рет оқ атып, өз мүмкіндігімді сынадым. Нысананы дәл көздеп, жақсы нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік, — деді жас сарбаз.
Айта кетейік, 25 шілде күні жас жауынгерлер салтанатты түрде Әскери ант қабылдайды. Осы сәттен бастап олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының толыққанды әскери қызметшілері атанып, ел алдындағы қасиетті борышын орындауға кіріседі.