Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістанда 2016–2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Несие алу мақсатында жалған тұлғалардың атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған.
Несиелеу мамандары қажетті құжаттарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындыларды, тексеру актілерін және қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы құжаттарды рәсімдеу арқылы несиенің заңды түрде берілгені туралы жалған көрініс қалыптастырған.
Бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары мүлікті бағалау туралы жалған есептер жасап, шын мәнінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүліктің бар екенін растаған. Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған.
Тергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған.
Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.