Елордалық әйел 60-тан астам адамды 500 млн теңгеге алдап кеткен

Бүгін, 09:40 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астанада әйел адам алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы таныстарына, көршілеріне және бұрыннан араласатын адамдарға қатысты бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасаған. Оның ұзақ уақыт бойы жауапкершіліктен жалтаруына жәбірленушілермен арадағы сенімді қарым-қатынасы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол азаматтарды өзінің түрлі байланыстары мен ипотеканы жедел рәсімдеуге, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін жағдайлары бар екеніне сендіріп, жаңылыстырған. Осы сылтаумен жәбірленушілерді өзіне ақша беруге, өз атына несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюға көндіріп, кейін алынған қаражатты иемденіп отырған. Сондай-ақ декреттік төлемдерді рәсімдеуге көмектесетінін айтып, пайызбен ақша алып, оны үстеме пайдасымен қайтаратынына уәде бергенімен, өз міндеттемелерін орындамаған.

Мәселен, жәбірленушінің сеніміне кірген сотталушы оны банкке екі бөлмелі пәтерін 16 млн теңге көлеміндегі несиеге кепілге қоюға көндірген. Ол несиені өзі төлейтінін және үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін уәде еткен. Алайда алынған ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Бастапқыда несиенің бір бөлігін төлегенімен, кейін төлемдерді тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Тағы бір жағдайда әйел жәбірленушіден оның жұбайының декреттік төлемін көбейтіп беруге көмектесемін деген желеумен 5 млн теңгеден астам ақша алып, уәдесін орындамай, қаражатты толықтай иемденген.

Жалпы алғанда, оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 500 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жекелеген эпизодтар бойынша жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Қала прокуратурасы аса ірі мөлшерде меншікке қарсы қылмыс жасау мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.