Алматыда жеткізу қызметінің курьері қырағылық танытып, алаяқтарға 3 мың долларын беріп жібермек болған зейнеткер әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Курьерге егде жастағы әйелден сәлемдеме жеткізу туралы тапсырыс түскен. Ол зейнеткерден джинсы шалбар салынған пакет пен бірнеше банканы алып кеткен.
Алайда әйелдің әрекеті курьерге күмәнді көрінген. Зейнеткер сәлемдеменің ішінде не бар екені туралы сұрақтарға нақты жауап бермей, жалтара сөйлеген.
Біраз жүргеннен кейін курьер тапсырысты жеткізуді тоқтатып, жағдайдың күмәнді екенін полицияға хабарлаған. Оқиға орнына Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел жетті.
Тексеру барысында зейнеткердің алаяқтардың арбауына түскені анықталды.
Белгісіз адамдар оған телефон шалып, өздерін шетелде жүрген туысы ретінде таныстырған. Олар шұғыл көмек қажет екенін айтып, әйелді жинаған ақшасын беруге көндірген.
Кейін алаяқтар «декларацияланбаған ақша қаражатын тексеру қажет» деген желеумен қолма-қол ақшаны курьер арқылы жіберуді талап еткен.
Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер 3 мың долларды джинсы шалбарының қалтасына салып, оны басқа заттармен бірге пакетке орналастырған. Кейін сәлемдемені курьерге табыстаған.
Курьердің дер кезінде күмәнданып, полицияға хабарласуының арқасында ақша алаяқтардың қолына түспеді. Осылайша қылмыстық әрекеттің жолы кесілді.