Жүктілігін білмеген әйел жедел жәрдем көлігінде босанып қалды

Бүгін, 22:06 / Жамбыл Жайлау
ABC News

АҚШ-та 33 жастағы Алиша Макдугалл өзінің жүкті екенін білмей жүріп, ауруханаға бара жатқан жолда мерзімінен бұрын босанды, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйел аналық бездің поликистоз синдромына байланысты арықтауға арналған дәрілер қабылдап жүрген. Бұл дерт кезінде етеккір циклі бұзылып, бала көтеру қиындауы және артық салмақ мәселесі туындауы мүмкін.

Дәрі қабылдау кезінде Алишаның жүрегі айнып, бойын әлсіздік пен жайсыздық билеген. Алайда ол мұны жүктіліктің белгісі емес, препараттың жанама әсері деп қабылдаған.

Жол апатынан кейін жағдайы күрт нашарлаған

Қаңтар айында Алиша жеңіл жол апатына түскен. Бастапқыда өзін қалыпты сезінгенімен, келесі күні іші қатты ауырып, қан кете бастаған. Жұбайы дереу жедел жәрдем шақырған.

Ауруханаға бара жатқан жолда әйел күтпеген жерден босанып қалған. Нәресте жүктіліктің шамамен 22-23 аптасында дүниеге келіп, салмағы небәрі 450 грамм болған.

Баланың әкесі алғашында болған жағдайға сене алмағанын айтты. Себебі әйелдің іші байқалмаған, ал бұған дейін жасалған жүктілік тестілерінің барлығы теріс нәтиже көрсеткен.

450 грамм болып туған сәби аман қалды

Дәрігерлер бастапқыда нәрестенің жағдайына қатысты ауыр болжам айтқан. Соған қарамастан Джулиан есімді сәби өмір үшін күресте жеңіп шықты.

Ол ауруханада 154 күн жатып, өкпесі, көру қабілеті, бүйрек үсті бездері мен қан қысымын қалыпқа келтіруге бағытталған бірнеше ем қабылдаған. Уақыт өте келе баланың жағдайы жақсарып, салмағы біртіндеп артқан.

"Мен ана боламын деп ешқашан ойламадым. Джулиан қандай қиындық болса да, оны жеңуге болатынын көрсетті. Ол – нағыз ғажайып сәби", – деді Алиша Макдугалл.

Тэгтер:

АҚШ