Белгілі фридайвер Тави Кастро аквалангсыз су астында үш ерекше жетістікке қол жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мексика-Канада спортшысы Италияның Монтегротто-Терме қаласындағы Y-40 дайвинг орталығында бассейн түбінен салмағы 32 келі болатын зәкірді көтеріп шығарды. Бұл – бір деммен, аквалангтың көмегінсіз орындалған рекорд.
Тави Кастроға су астындағы тағы екі әлемдік рекорд тиесілі.
Ол су астында жалпы салмағы 500 келі болатын салмақпен отырып-тұру жаттығуын 1 минут 5 секундта орындаған. Сондай-ақ 10 метр тереңдікте 200 келілік салмақты он рет көтеріп, кейін 42 метр тереңдіктен зәкір алып шыққан.
Бұл жаттығулардың барлығын спортшы аквалангсыз, бір деммен орындаған.
Тави Кастро кім?
Тави Кастро – мексикалық-канадалық спортшы, актер, фридайвер, бодибилдер, кәсіпкер және продюсер. Ол әлеуметтік желіде "Шынайы Аквамен" деген лақап атпен танымал.
Тави Кастро 1990 жылғы 3 ақпанда Мексиканың Гвадалахара қаласында дүниеге келген.
Жас кезінде ол Нидерланд пен Ұлыбританияда кәсіби футбол ойнаған. Кейін беделді Delft технологиялық университетінде аэроғарыш инженериясы мамандығы бойынша білім алған.
Алайда оған әлемдік танымалдықты спорт пен бодибилдинг әкелді. 22 жасында Тави Musclemania нұсқасы бойынша бодибилдингтен әлем чемпионы атанып, бірнеше халықаралық жарыста жеңіске жеткен.
Қазір Кастро әлемдегі ең танымал фридайверлердің бірі саналады. Ол су астында бір деммен түрлі экстремалды трюктер орындап, бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның әлеуметтік желілерде жарияланған видеолары миллиондаған қаралым жинайды.