Алматыда 15 мысық ұстайтын әйелге көршілері шағымданды

Бүгін, 20:53 / Жамбыл Жайлау
stan.kz

Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары көрші пәтерде 15-тен астам мысық ұстайтын әйелдің үстінен шағым түсірді. Қазір жағдайды полиция мен тиісті мемлекеттік органдар тексеріп жатыр, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Алмалы ауданында болған. Демікпе дертіне шалдыққан тұрғын көрші пәтерден шығатын өткір иіс, әсіресе ыстық күндері, күшейіп кететінін айтып, полицияға жүгінген.

Көршілердің сөзінше, жағымсыз иістен терезе ашу мүмкін болмай қалған. Сонымен қатар пәтерді өңдеуге қолданылатын химиялық құралдардың иісі тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп, өзін жайсыз сезінуге себеп болған.

Шағымнан кейін үйге учаскелік полиция инспекторы барған. Алайда пәтер иесі есікті ашпаған.

Енді жағдай арнайы комиссияның қатысуымен жан-жақты тексеріледі. Мамандар пәтердегі санитарлық талаптардың сақталуын, мысықтарды ұстау жағдайын және олардың тиісті күтіммен қамтылғанын бағалайды.

Полицияның мәліметінше, тексерудің басты мақсаты – жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көпқабатты үй тұрғындарының қолайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын қорғау.

Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады.

Тэгтер:

Алматы мысық