Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисі Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, желіде Омаровтың «жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін» ұсталды деген ақпарат тараған.
«Құрметті әріптестер! Өздеріңізге белгілі, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисі Азамат Омаров ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұсталды.
Қазір әлеуметтік желілерде кейбір азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар Омаров «жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін» ұсталды деген ақпарат таратып жүр.
Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген.
Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Менің түсінуімше, Азамат Омаров дәл осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған», – деді министр.
Аида Балаева елімізде сатира үшін жауапкершілік көзделмейтінін, алайда таратылған ақпараттан немесе контенттен алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, заңда белгіленген жауапкершілік туындайтынын айтты.
«Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды.
Меніңше, бұл мәселеде баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеледі.
Жаңа Конституцияда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілгенін білесіздер. Заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік азаматтардың қызмет саласына немесе кәсібіне қарамастан, барлығына бірдей қолданылады.
Мұндай істер барынша аз болуы үшін әріптестерімізге заң талаптарын бұзудың тәуекелдері мен салдарын алдын ала түсіндіру қажет деп санаймын.
Осыған байланысты құқық қорғаушыларды Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, тек алауыздықты қоздыруға қатысты нормаларды ғана емес, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу жөніндегі заң талаптарын да кеңінен түсіндіру жұмысына атсалысуға шақырамын», – деді А. Балаева.