Қазақстанда балмұздақ өндірісі бір жыл ішінде 116%-ға өсті. Маусым айында Қазақстанда «Балмұздақ және өзге де тағамдық мұз» санаты бойынша шамамен 20,1 мың тонна өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116%-ға, ал мамыр айымен салыстырғанда 99%-ға көп, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы өндіріс көлемі бұрынғы көрсеткіштерден едәуір асып түсті. Соңғы бес жылдағы маусым айының орташа деңгейінен 2,5 есе жоғары және кемінде 2010 жылдан бері тіркелген алдыңғы рекордтан 85%-ға артық болды. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2016 жылдың шілде айында тіркеліп, 10,8 мың тоннаны құраған.
Ең жоғары өсім пломбир өндірісінде байқалды. Оның өндірісі 10,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 3,6 есеге, ал мамырмен салыстырғанда шамамен үш есеге артты.
Сондай-ақ сүтті кілегейлі балмұздақ өндірісі де айтарлықтай көбейді. Оның көлемі 7,5 мың тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 75%-ға, ал мамыр айымен салыстырғанда 57%-ға өсті.
Өсім тек өндіріс көлемінде ғана емес, ақшалай көрсеткіште де байқалды. Маусым айында сала кәсіпорындарының жалпы өндіріс көлемі 24,3 млрд теңгені құрап, өткен аймен де, өткен жылдың осы кезеңімен де салыстырғанда шамамен екі есеге артты.
Жалпы алғанда, сала жоғары даму қарқынын сақтап отыр. 2024 жылдың соңынан бері балмұздақ өндірісі ай сайын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылы орташа айлық өсім 32%-ды құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш әзірге 60%-ға жетіп отыр.
Өндірістің қарқынды кеңеюі ауқымды инвестициялармен қатар жүрді. 2024 жылы және әсіресе 2025 жылы сала кәсіпорындары, негізінен Алматы облысында, жаңа негізгі өндірістік құралдарды іске қосуға қомақты қаржы салды. Соның нәтижесінде Қазақстан өз тарихында алғаш рет балмұздақтың таза экспорттаушы еліне айналды: өткен жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі импорттан асып түсті.