2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда барлық көлік түрімен 979,4 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға көп, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы аралықта жолаушылар айналымы 5,1%-ға өсіп, 45,3 млрд жолаушы-шақырымға жетті.
Жолаушылардың басым бөлігі дәстүрлі түрде автомобиль көлігін таңдаған. Алты ай ішінде автокөлікпен 962,7 млн адам қатынаса, теміржол қызметін 9,2 млн, әуе көлігін 7,4 млн, теңіз көлігін 14 мың жолаушы пайдаланған. Жолаушылар тасымалынан түскен табыс 800 млн теңгені құрады.
Жолаушылар айналымының ең жоғары өсімі Қостанай облысында тіркеліп, көрсеткіш 62,7%-ға артты. Сондай-ақ Алматы қаласында өсім 22,3%, Ақмола облысында – 20,6%, Шымкентте – 19,2% болды. Алматы облысында жолаушылар айналымы 15,8%-ға, Қарағанды облысында – 14,2%-ға, Жетісу облысында – 13,6%-ға, Батыс Қазақстан облысында – 10%-ға өсті. Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсім 8,9%, Ақтөбе облысында – 4,6%, Абай облысында – 2,3% болды.
Жүк тасымалы саласында да оң өзгеріс байқалды. Қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша жүк айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға өсіп, 255,8 млрд тонна-шақырымға жетті.
Жүк айналымының ең жоғары өсімі Жетісу облысында (16,3%) және Абай облысында (12,2%) тіркелді. Сонымен қатар Қызылорда облысында көрсеткіш 8,7%-ға, Астанада 8,5%-ға, Ақтөбе облысында 6,9%-ға, Түркістан облысында 5,8%-ға, Ақмола облысында 4,9%-ға, Ұлытау облысында 4,6%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 2,5%-ға артты. Батыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында өсім 1,9%-ды құраса, Алматы қаласында – 0,4%, Қостанай облысында – 0,2% болды.