Туыстары мен полиция бір айға жуық іздеген Хромтау тұрғынының жоғалып кетуі Ақтөбе облысындағы аса қатыгез қылмыстардың бірі болып шықты. Жедел қызметкерлер мен тергеушілердің мұқият жүргізген жұмысының нәтижесінде кісі өлтірудің мән-жайы анықталып, кінәлілер сотталып, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылғы 11 қазанда Хромтау қаласының тұрғыны полицияға жүгінді. Әйелдің айтуынша, күйеуі бір аптаға жуық уақыт бойы байланысқа шықпаған және үйіне оралмаған. Өтініш тіркелгеннен кейін дереу жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары басталды. Полицейлер ер адамның соңғы жүрген бағыттарын анықтап, араласатын адамдарын зерттеді, туыстары, көршілері, таныстары мен әріптестерінен жауап алып, болуы мүмкін орындардың барлығын тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жоғалған азаматтың екі танысына шықты. Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде аса ауыр қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақты заттар табылды. Жиналған дәлелдердің негізінде күдіктілер өз кінәларын мойындады.
«Заңда белгіленген мерзімде қылмыстық іс сотқа жолданды. 2025 жылғы ақпан айында сот айыптау үкімін шығарды. Сотталушылардың бірі адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады полиция.
Еске салайық, бұған дейін Хромтау қаласының жоғалып кеткен тұрғынының өлі күйінде табылғаны хабарланған болатын. Оның бөлшектелген мәйіті бірнеше пакетке салынған күйде табылса, ал басын тергеушілер күдіктілердің бірінің мұздатқыш камерасынан тапқан.