Ауа райы күрт өзгереді: Қазгидромет ел тұрғындарына ескерту жасады

Бүгін, 05:08 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

«Қазгидромет» РМК бүгінге, 22 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ, дауылды жел мен аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қатты жауын-шашын Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Астана, Алматы, Қонаев, Қарағанды, Семей, Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Тараз және басқа да бірқатар қалаларда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғуы ықтимал.

Сонымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында күндізгі ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады.

Синоптиктер бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Бұл әсіресе Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жетісу, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстарға қатысты.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға, дауылды жел кезінде алыс жолға шықпауға және төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін назардан тыс қалдырмауға шақырады.