Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Бүгін, 23:30 / Жамбыл Жайлау
REUTERS/Agustin Marcarian TPX IMAGES OF THE DAY

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси ұлттық командадағы мансабын аяқтауға шешім қабылдаған болуы мүмкін. Бұл туралы аргентиналық журналист Эрнан Кастильо мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Инсайдердің мәліметінше, 39 жастағы шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионатының финалы алдында киім ауыстыратын бөлмеде командаластарына бұл кездесудің Аргентина сапындағы соңғы ойыны екенін айтқан.

Турнирдің шешуші матчында Аргентина Испания құрамасынан қосымша уақытта 0:1 есебімен жеңіліп, әлем чемпионы атағын қорғай алмады. Кездесу аяқталғаннан кейін Мессидің көзіне жас алғаны байқалды. Алайда футболшының өзі ұлттық құрамадағы болашағына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан оның халықаралық мансабын аяқтайтыны туралы ақпарат түпкілікті расталмаған.

Лионель Месси 2022 жылы Аргентина құрамасын әлем чемпиондығына жеткізіп, сол турнирдің үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ ол 2014 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленіп, 2008 жылы Олимпиада чемпионы болды. Месси ұлттық құрама сапында екі рет Америка кубогын жеңіп алды. Бұған қоса, 2022 жылғы Финалиссима турнирінде де топ жарды.

Лионель Месси мансабында сегіз рет «Алтын допты» иеленіп, бұл көрсеткіш бойынша рекорд орнатты. Ол алты мәрте Еуропаның үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсыны» жеңіп алды және ФИФА нұсқасы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды. Клубтық деңгейде аргентиналық жұлдыз «Барселонамен» бірге төрт рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп, он мәрте Испания чемпионы болды. Кейін «Пари Сен-Жермен» сапында екі рет Франция чемпионатында топ жарды.

Месси тұтас мансабында 40-тан астам трофей жеңіп алып, футбол тарихындағы ең титулды ойыншылардың қатарына енді.

Тэгтер:

Месси