Павлодар облысының Жоламан ауылында кәріз құдығында алты адамның қаза табуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмдардың үшеуі бір отбасының мүшелері болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға болған күні 51 жастағы ер адам мен оның 17 және 20 жастағы екі ұлы үйіне оралмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құдықта болған 28 жастағы тағы бір ер адам да осы отбасының туысы болған.
Оқиға күндіз сүт фермасының аумағында болған. Кәріз құдығында жұмыс істегендердің арасынан 38 жастағы қызметкер ғана аман қалған. Ол көмірқышқыл газынан улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Ал қалған алты адамды құтқару мүмкін болмаған.Оқиға орнына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барып, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, объективті тергеу жүргізуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әкімбекованың айтуынша, марқұмдардың отбасыларына мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
"Оларға арнайы материалдық көмек беріліп, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді. Сондай-ақ қолданыстағы несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі", – деді ол.
Кәсіпорын қаза болғандардың кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа толғанға дейінгі күтімі мен білім алу шығындарын да өз мойнына алмақ. Кәсіпорын иесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев те марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуге уәде берген. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен қауіпсіздік талаптарының сақталу-сақталмауы тексеріліп жатыр.