Күніне бес кесеге дейін кофе ішу ересек адамдардың басым бөлігі үшін қауіпсіз саналады. Сонымен қатар бұл сусын жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттің және екінші типтегі қант диабетінің даму қаупін төмендетуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Америка жүрек қауымдастығының мамандары келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар кофеиннің артериялық қысымға, холестерин деңгейіне, жүрек ырғағына және созылмалы аурулардың дамуына әсерін зерттеген ғылыми жұмыстарды талдаған.
Мамандардың мәліметінше, ересек адамдардың көпшілігі үшін тәулігіне 400 миллиграмға дейін кофеин тұтыну қауіпсіз. Бұл шамамен көлемі 240 миллилитр болатын үш-бес кесе кофеге тең.
Кофені қалыпты мөлшерде ішу жалпы жүрек-қан тамырлары қаупін арттырмайды. Кейбір зерттеулерде тұрақты түрде кофе ішетін адамдар арасында жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, инсульт және екінші типтегі қант диабеті сирек кездесетіні анықталған.
Алайда бес кесе кофе күнделікті міндетті норма емес. Бұл көпшілік үшін қауіпсіз саналатын ең жоғары мөлшер ретінде көрсетіліп отыр. Зерттеулердің басым бөлігі бақылау сипатында жүргізілгендіктен, кофе аталған аурулардың алдын алады деп нақты айтуға болмайды. Олар тек кофе ішу мен денсаулық көрсеткіштері арасындағы байланысты көрсетеді.
Сусынның ағзаға әсері оның құрамына да байланысты. Қара кофеге қант, кілегей, тәтті сироптар және басқа да калориясы жоғары қоспалар қосылса, оның ықтимал пайдасы азаюы мүмкін. Мұндай қоспалар сусын құрамындағы қант пен қаныққан май мөлшерін арттырады.
Мамандар кофені дайындау тәсіліне де назар аударуға кеңес береді. Френч-пресс, турка немесе эспрессо машинасында дайындалған сүзілмеген кофеде кафестол деп аталатын зат сақталуы мүмкін. Ол қандағы «жаман» холестерин деңгейін жоғарылатады. Ал қағаз сүзгі арқылы дайындалған және ерітілетін кофеде бұл заттың мөлшері аз болады.
Кофенің қауіпсіздігі туралы тұжырымдарды энергетикалық сусындарға қатысты қолдануға болмайды. Олардың құрамында кофеиннің шамадан тыс мөлшері, қант және жүрек жұмысына кері әсер етуі мүмкін басқа да компоненттер кездеседі. Энергетикалық сусындар артериялық қысымның күрт көтерілуіне және жүрек ырғағының бұзылуына себеп болуы ықтимал.
Кофеиннің әсері әр адамда әртүрлі болады. Ол адамның жасына, ағзасындағы зат алмасу ерекшеліктеріне, генетикасына, қабылдайтын дәрілеріне және денсаулық жағдайына байланысты. Кейбір адамдарда аз мөлшердегі кофеиннің өзі жүрек қағысын жиілетіп, мазасыздық немесе ұйқысыздық туғызуы мүмкін.
Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрек аурулары немесе басқа да созылмалы сырқаттары бар адамдарға кофе тұтынудың қауіпсіз мөлшерін дәрігермен кеңесіп анықтау ұсынылады.