Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты медицина қызметкеріне қызметтік міндетін атқару кезінде құрметсіздік танытқан азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 16 шілдеде Д. есімді азамат «Биос» ЖШС ғимаратында медицина қызметкері С.-ға балағат сөздер айтып, дене күшін қолданамын деп қорқытқан.
Сот отырысында құқық бұзушының кінәсі іс материалдары мен ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот оның әкімшілік жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын және жасының 70-тен асқанын ескерді.
Сот қаулысымен Д. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Заң талаптарына сәйкес айыппұл көлемі 30 пайызға қысқартылып, өндіріп алынатын сома 90 825 теңгені құрады.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.