Америкалық ғалымдар алғаш рет басқа жұлдызды айналып жүрген, тіршілікке қолайлы аймақта орналасқан тасты планетадан атмосфера белгілерін анықтағанын мәлімдеді. Зерттеу нысаны – Жерден шамамен 48 жарық жылы қашықтықтағы LHS 1140 b ғаламшары, деп turkystan.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
LHS 1140 b көлемі мен құрылымы жағынан Жерге ұқсас тасты планеталардың қатарына жатады. Ол Күннен әлдеқайда кіші әрі салқын қызыл ергежейлі жұлдызды айналып жүреді.
Зерттеушілер планетаның атмосферасынан гелий белгілерін байқаған. Гелийдің өзі тіршіліктің барын дәлелдемейді. Дегенмен ғалымдар төменгі атмосфера қабаттарында басқа газдар да болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Зерттеу авторларының бірі, Гарвард университетінің ғалымы Колин Керубим бұл нәтижені маңызды ғылыми жетістік деп бағалады.
"Біз алғаш рет басқа жұлдыздың тіршілікке қолайлы аймағында орналасқан тасты планетадан атмосфера белгісін анықтадық", – деді ол.
Тіршілікке қолайлы аймақ деген не?
Ғаламшарда біз білетін тіршіліктің пайда болуы үшін сұйық күйдегі судың болуы маңызды. Ол үшін планета өз жұлдызынан қолайлы қашықтықта орналасуы керек.
Жұлдызға тым жақын орналасса, ғаламшардың беті шамадан тыс ысып кетеді. Ал тым алыс болса, су қатып қалатындай суық болуы мүмкін. Осы екі шектің арасындағы аумақты астрономдар "тіршілікке қолайлы аймақ" немесе "Алтын аралық" деп атайды.
Қазіргі уақытта ғалымдарға Күн жүйесінен тыс орналасқан 6 мыңнан астам планета белгілі. Олардың жүздегені өз жұлдызының тіршілікке қолайлы аймағынан табылған. Алайда солардың санаулысы ғана көлемі шағын әрі тасты ғаламшар саналады.
LHS 1140 b-нің ерекшелігі – оның қатты беті болуы ықтимал және атмосферасы бар деген алғашқы белгілер алынған.
Гарвард университетінің тағы бір ғалымы Дэвид Шарбонно бұл зерттеу адамзатты толғандыратын ең үлкен сұрақтардың біріне жауап іздеуге мүмкіндік беретінін айтты.
"Бізді ғаламда жалғызбыз ба, Жерден немесе Күн жүйесінен тыс жерде тіршілік бар ма деген сұрақ қызықтырады. Бұл зерттеу тіршілікке қолайлы аймақта орналасқан тасты планетаның атмосферасы болуы мүмкін екенін алғаш рет көрсетті", – деді ғалым.
Ғалымдар тағы қандай планеталарды зерттеп жатыр?
LHS 1140 b – мамандар тіршілік белгілерін іздеп жатқан жалғыз ғаламшар емес.
Бұған дейін K2-18b планетасының атмосферасынан Жерде кейбір тірі ағзалар бөлетін диметилсульфидке ұқсас заттың белгілері байқалған еді. Алайда кейінгі зерттеулер бұл деректердің аталған заттың барын нақты дәлелдеуге жеткіліксіз екенін көрсетті. Оның үстіне мұндай қосылыс тірі ағзалардың қатысуынсыз да пайда болуы мүмкін.
Ғалымдар TRAPPIST-1 жұлдызын айналып жүрген жеті планетаны да бақылап келеді. "Джеймс Уэбб" ғарыш телескопының деректері TRAPPIST-1d ғаламшарында Жерге ұқсас атмосфераның барын растамады. Ал TRAPPIST-1e планетасына қатысты нақты қорытынды жасауға әзірге мәлімет жеткіліксіз.
Зерттеушілер LHS 1140 b атмосферасының нақты құрамын анықтау үшін қосымша бақылаулар жүргізуді жоспарлап отыр.