Англия құрамасының бұрынғы капитаны әрі бас бапкері, «Алтын доп» жүлдесінің екі дүркін иегері Кевин Киган 75 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ағылшын футболының аңызының қайтыс болғанын дүйсенбі күні оның бұрынғы клубы "Ньюкасл Юнайтед" мәлімдеді. Биыл қаңтарда Киганның отбасы мен клуб оның онкологиялық ауруға байланысты ем қабылдап жүргенін хабарлаған еді. Аурудың нақты түрі айтылмаған. Ал маусым айында Кевин Киган өзіне қатерлі ісіктің төртінші сатысы диагнозы қойылғанын мәлімдеген.
"Клубымыздың тарихындағы ең танымал, ықпалды әрі сүйікті тұлғалардың бірі Кевин Киганның қайтыс болғаны туралы хабар бізді қатты қайғыртты. Ол ойыншы ретінде "Ньюкаслға" әлемдік деңгейдегі шеберлік, биік мақсат пен сенім әкелді. Ал бапкер ретінде қаламызға жаңа тыныс беріп, жанкүйерлерге үміт пен мақтаныш сыйлады", – делінген клуб мәлімдемесінде.
Кевин Киган ағылшын футболы тарихындағы ең жарқын тұлғалардың бірі саналады. Шабуылшы ретінде ол "Ливерпуль" сапында көптеген жүлде жеңіп алды. Кейін Германияның "Гамбург" клубында өнер көрсетті.
Үздік ойындарының арқасында ол 1978 және 1979 жылдары қатарынан екі рет "Алтын доп" иегері атанды.
Киган Англия құрамасында 1972-1982 жылдар аралығында ойнады. Ұлттық команда сапында 63 матч өткізіп, 21 гол соқты. Сондай-ақ 31 кездесуде Англия құрамасын капитан ретінде алаңға бастап шықты.
Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін бапкерлікке бет бұрды. Оның жетекшілігімен "Ньюкасл Юнайтед" 1990-жылдардың ортасында Англия чемпиондығына өте жақын келді. Кейін Кевин Киган Англия ұлттық құрамасын да басқарды.
Отбасының айтуынша, өмірінің соңғы сәттерінде жанында жұбайы мен қыздары болған.
Кевин Киганның қазасы ағылшын футболы үшін орны толмас ауыр қайғы болды. Ол тарихта көрнекті футболшы, білікті бапкер және өз дәуірінің ең харизмалы тұлғаларының бірі ретінде қалды.