Ақтөбе облысында кенеден жұққан паразиттен ірі қара қырылып жатыр

20 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ірі қара малдың жаппай қырылу дерегі тіркелді. Қызылжар ауылдық округіне қарасты екі елді мекенде 49 бас мал өлген, деп хабарлайды "Хабар" телеарнасы.

Тұрғындардың айтуынша, жайылымнан оралған сиырлар жем-шөп пен судан бас тартып, бірнеше күннен кейін өле бастаған. Осыған байланысты малы қырылған ауыл тұрғындары елді мекендерде карантин жариялауды сұрап отыр.

Алайда өлген малдан сынама алған ветеринар мамандар жаппай шектеу енгізуге әзірге негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Облыстық ветеринария басқармасының дерегінше, ірі қарадан тейлериоз ауруы анықталған. Бұл – малға кене арқылы жұғатын паразиттік инфекция.

Мамандардың түсіндіруінше, тейлериоз аса қауіпті аурулар тізіміне жатпайды. Сондықтан карантин жариялау немесе мемлекеттік деңгейде жаппай шектеу шараларын енгізу қарастырылмаған.

Қазіргі уақытта ветеринарлар аулаларды аралап, ауру жұқтырған және өлген мал санын нақтылап жатыр. Сонымен бірге тұрғындарға аурудың алдын алу жолдары түсіндірілуде.

"Бұл дерт аса қауіпті аурулардың тізіміне кірмейді. Сондықтан алдын алу және емдеу жұмыстарын мал иелері өз қаражаты есебінен жүргізуге тиіс. Қора-жайлар мен жайылымдарды кенеге қарсы дәрілеу қажет", – деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.

Мамандар мал иелеріне төрт-түлікті үнемі тексеріп, кене байқалған жағдайда ветеринарға жүгінуге және қора-жайды уақтылы залалсыздандыруға кеңес берді.

Тэгтер:

Ақтөбе Ірі қара