Алматыда дәрігерлер денесінің 89 пайызы күйген жігіттің өмірін сақтап қалды

20 шілде, 2026 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері газ баллонының жарылуы салдарынан ауыр күйік алған 26 жастағы ер адамның өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға ер адамның өз үйінің ауласындағы шаруашылық қорасында болған. Газ баллоны жарылып, ол денесінің көп бөлігін күйік шалған ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер пациенттен дене бетінің 89 пайызын қамтыған термиялық күйікті, оның ішінде 15 пайызы терең күйік екенін, сондай-ақ сол қолының жұмсақ тіндерінің ауқымды зақымданғанын анықтаған. Науқас ауруханаға түскен алғашқы минуттардан бастап шокқа қарсы қарқынды ем қабылдады.

Ауруханаға жатқызылған күні-ақ оған зақымданған қолына шұғыл қалпына келтіру операциясы жасалды. Кейін ем күйік бөлімшесінде жалғасып, бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық араласулар жүргізілді. Дәрігерлер тері трансплантациясын жасап, зақымданған аяқ-қолға реконструктивтік операциялар орындады. Осы уақыт ішінде науқастың жағдайы күн сайын бақылауда болып, емдеу тәсілі соған сәйкес түзетіліп отырды.

№4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменовтің айтуынша, пациент ауруханаға аса ауыр жағдайда түскен.

– Пациент бізге өте ауыр жағдайда жеткізілді. Ол төрт тәулік реанимация бөлімінде болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Мұндай көлемдегі күйіктер дәрігерлер үшін әрдайым ең күрделі сынақтардың бірі. Клиниканың мультидисциплинарлық командасының үйлесімді жұмысының арқасында пациенттің өмірін сақтап қала алдық, – деді дәрігер.

Науқас Александр Артуков та емдеу барысында өзіне көмек көрсеткен барлық медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

– Күйік және реанимация бөлімшелерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне, кардиологтарға, терапевтерге, травматологтарға шын жүректен ризамын. Маған тек сапалы медициналық көмек қана емес, моральдық қолдау да көрсетілді. Осындай ауыр жарақатты еңсеруде бұл өте маңызды болды, – деді ол.

Бір айлық емнен кейін ер адам ауруханадан шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, ол өздігінен жүріп-тұрып, өзін-өзі күте алатын жағдайға жеткен. Алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.