Қазақстан құрамасы жасанды интеллект бойынша өткен алғашқы Орталық Еуропа олимпиадасында – EUROAI 2026 жарысында табысты өнер көрсетіп, төрт медаль: бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олимпиада 2026 жылғы 14-19 шілде аралығында Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Бабеш-Бойяи университетінің базасында өтті. Қазақстан құрамасы Еуропаның ең мықты командаларымен қатар жарысқа онлайн форматта қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша Әбу Қанабек алтын медаль жеңіп алды. Исламнур Хусаинов пен Даужан Бекетов күміс жүлдегер атанды. Сұлтанби Исатай қола медаль иеленді.
Екі жарыс күні бойы қатысушылар жасанды интеллект модельдерін нөлден әзірлеп, бағдарламалау, деректерді талдау және машиналық оқыту салаларындағы білімді талап ететін практикалық тапсырмаларды орындады. Олимпиада форматы оқушыларға техникалық дайындығын ғана емес, шектеулі уақыт жағдайында тиімді шешім таба білу қабілетін де көрсетуге мүмкіндік берді.
«Балаларымыздың EUROAI 2026 олимпиадасындағы табысты өнер көрсетуі қазақстандық оқушылардың жасанды интеллект және спорттық бағдарламалау салаларындағы даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді Спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин.
Қазақстан құрамасының келесі халықаралық жарысы 2026 жылдың 2-8 тамыз аралығында Астанада өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI) болмақ. Әлемдік додаға 111 елден 600-ге жуық балалар қатысады.