Павлодар облысында кәріз құдығында 6 адам қаза тапты

20 шілде, 2026 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Павлодар облысының Ақтоғай ауданында кәріз құдығына түскен алты адам көз жұмды. Тағы бір адам көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық жедел медициналық жәрдем қызметіне шақырту 20 шілде күні сағат 12:01-де Ақтоғай ауданының Жоламан ауылындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен түскен.

Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның көз жұмғанын анықтады.

Сондай-ақ 1988 жылы туған ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газынан улану диагнозын қойған.

Қазір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты, облыс орталығына ауыстыру қажет емес.

Павлодар облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын мәлімдеді.