Жетісу облысында дропперлік топтардың жолы кесілді

20 шілде, 2026 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың банк шоттарын алып, алаяқтық схемаларда пайдаланған екі топтың заңсыз қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған санаттағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау жөніндегі жүйелі шаралар шеңберінде жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 7-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 12 эпизоды анықталды. Алаяқтық әрекеттер салдарынан азаматтарға келтірілген жалпы материалдық залал 22 млн теңгеден асты.

Қылмыстық істердің бірі бойынша 2026 жылғы 1 маусымда сот 6 сотталушыға қатысты айыптау үкімін шығарды. Оларға 1 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді. Екінші қылмыстық іс соттың қарауында.

Биыл Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 31 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 16 іс сотқа жолданды. Қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Жетісу облысының прокуратурасы банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қол жеткізу мүмкіндігін беру, табыстау не сатып алу, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін төлемдер жасау және (немесе) ақша қаражатын аудару қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.

Алаяқтық схемалардың құрбаны болмау үшін азаматтарға банк карталарын, банк шоттарының деректемелерін, SIM-карталарды, растау кодтарын және мобильді банкингке қол жеткізу деректерін үшінші тұлғаларға бермеу ұсынылады. Мұндай әрекеттер алаяқтыққа қатысу ниеті болмаған жағдайда да қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Тэгтер:

Алаяқ Жетісу облысы алдау дроппер