Мексикада шарлардан Димаш Құдайбергеннің 4,5 метрлік мүсіні жасалды

20 шілде, 2026 / Інжу Әлихан
dimashnews.com

Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасына жоспарланған концерттік туры қарсаңында Мексикадағы жанкүйерлері әншіге ерекше тарту жасады. Олар әуе шарларынан биіктігі 4,5 метр болатын мүсін әзірледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мексикалық Dears қауымдастығының мүшесі, әуе шарларынан көркем мүсіндер жасайтын суретші Ольга Лидия Эрнандес шығармашылық тобымен және Dimash & Dears Regias фан-клубының қатысушыларымен бірлесіп, Димаш Құдайбергеннің биіктігі 4,5 метр болатын мүсінін жасады.

Көркем инсталляция Нуэво-Леон штатындағы Монтеррей қаласының ірі сауда орталықтарының бірінде орнатылды. Дәл осы қалада 2026 жылғы 14 қарашада Димаштың DiMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты – қала тұрғындарын қазақстандық әншінің шығармашылығымен таныстырып, алдағы концертке көпшіліктің назарын аудару.

Қазірдің өзінде ерекше мүсін сауда орталығына келушілердің қызығушылығын тудырып, Димаш Құдайбергеннің Монтеррей қаласына алдағы сапарының символына айналған.