«Таза Қазақстан»: Павлодар полициясы заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы күресті күшейтті

20 шілде, 2026 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысында республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша күшейтілген рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осындай рейдтердің бірі барысында Солтүстік өнеркәсіптік аймақта абаттандыру қағидаларын бұзу дерегі анықталды. КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерге құрылыс қалдықтарын төгіп, заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған.

– Рейдтік іс-шара барысында абаттандыру қағидаларын өрескел бұзу дерегінің жолы кесілді. Мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың негізгі мақсаты – құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алып, өңір тұрғындарының қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Полиция заңсыз қоқыс төгу қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, елдімекендердің санитариялық жағдайын нашарлатып, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

Полиция Павлодар облысы Таза Қазақстан қоқыс үйіндісі