Ұзынкөл ауылының маңындағы жолда Mitsubishi L200 автокөлігі аударылып, салдарынан үш адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көлік қара жолмен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдағы шұңқырға түсіп кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып, жолаушылардың бірі терезеден сыртқа ұшып кеткен. Тағы бірнеше адам ауыр жарақат алған.
Оқиғаға қатысты Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 18 шілде күні болған. Алдын ала деректер бойынша, пикап жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, салдарынан автокөлік аударылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.