Жамбыл облысында пробация талаптарын бұзғандар түрмеге жіберілді

20 шілде, 2026 / Алуа Арман
istockphoto.com

«Қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасын іске асыру аясында Сарысу ауданының прокуратурасы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың тәртібін тексерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру нәтижесінде ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған азаматтың жазаны өтеу кезеңінде ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактілері үшін екі рет әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны анықталды.

Сонымен қатар, ол пробация қызметіне жоспарлы тіркелуге дәлелді себепсіз келмегені үшін екі рет ескерту алған.

Пробация қызметінің бас бостандығын шектеу жазасын неғұрлым қатаң жаза түріне ауыстыру туралы ұсынымын қарау барысында бірінші сатыдағы сот оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Аталған сот қаулысына аудан прокуратурасы апелляциялық өтінішхат енгізіп, оны қарау қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық сотының қаулысымен сотталған азамат бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді.

Сол сияқты, аудан прокуратурасының бастамасымен тағы бір сотталған азаматқа қатысты жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Прокуратура жазаны өтеудің тәртібі мен талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген шаралардың міндетті түрде қолданылатынын ескертеді.

Тэгтер:

Түрме Жамбыл облысы сотталған абақты пробация