Ғарыштан қант молекуласы табылды

20 шілде, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: Jose A. Bernat Bacete/Getty Images

Астрономдар жұлдызаралық кеңістіктен алғаш рет қант молекуласын анықтады. Эритрулоза деп аталатын органикалық қосылыс Жерден шамамен 27 мың жарық жылы қашықтықта, Құс жолы галактикасының орталығына жақын орналасқан алып газ бен шаң бұлтынан табылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижесі Nature Astronomy ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдардың мәліметінше, бұл жұлдызаралық ортадан анықталған алғашқы шынайы қант және төрт көміртек атомынан тұратын ең күрделі қант молекуласы саналады.

Эритрулоза табиғатта таңқурай құрамында аз мөлшерде кездеседі. Ол косметика өндірісінде, соның ішінде теріні күнге күйгендей етіп көрсететін өнімдерде де қолданылады. Алайда ғарыштағы молекула жемістерден тарамаған. Ол жұлдызаралық бұлттағы қарапайым химиялық қосылыстардан өздігінен түзілген.

Молекула G+0.693−0.027 деп аталатын ғарыш бұлтынан анықталды. Бұл аймақ жаңа жұлдыздар мен планеталар пайда болуы мүмкін молекулаларға бай орта саналады. Ғалымдар бақылау жүргізу үшін Испаниядағы Yebes 40 метрлік және IRAM 30 метрлік радиотелескоптарын пайдаланған.

Радиотелескоптар молекуланың өзін суретке түсірмейді. Әрбір молекула айналған кезде белгілі бір жиілікте радиотолқын таратады. Осы белгілер химиялық «саусақ ізі» тәрізді қызмет атқарады. Зерттеушілер ғарыш бұлтынан алынған сигналдарды зертхана жағдайында өлшенген эритрулоза спектрімен салыстырып, бір-біріне сәйкес келетін 17 спектрлік ауысуды анықтаған.

Ғарыштағы қант молекулалары тіршіліктің пайда болуын зерттеу үшін маңызды. Қанттар тірі ағзаларда энергия көзі қызметін атқарады және ДНҚ мен РНҚ секілді нуклеин қышқылдарының құрылымына қатысады. Дегенмен табылған эритрулоза ДНҚ немесе РНҚ құрамына тікелей кірмейді.

Ғалымдардың айтуынша, сулы ортада эритрулоза басқа қант түрлеріне айнала алады. Мұндай химиялық өзгерістер кейін нуклеин қышқылдарының алғашқы құрылымдарын түзетін заттардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жаңалық тіршілікке қажет күрделі органикалық қосылыстар планета қалыптаспай тұрып-ақ ғарыш кеңістігінде түзіле алатынын көрсетеді.

Зерттеушілер эритрулозаның жұлдызаралық шаң түйіршіктерін қаптаған мұз қабаттарында түзілгенін болжайды. Химиялық модельдерге сәйкес, екі көміртекті гликольальдегид пен этиленгликоль қосылыстары әрекеттесіп, төрт көміртекті қантты қалыптастыруы мүмкін. Бұл молекулалардың екеуі де аталған ғарыш бұлтынан бұрын анықталған.

Ғалымдарды таңғалдырған тағы бір нәтиже бар. Эритрулоза үш көміртекті қарапайым қанттарға қарағанда кемінде сегіз есе көп кездескен. Бұған дейін күрделі молекулалар көміртек атомдарын бір-бірден қосу арқылы түзіледі деген болжам басым болатын. Жаңа нәтиже кейбір күрделі қанттардың екі шағын молекуланың бірігуінен пайда болуы мүмкін екенін аңғартады.

Қант молекулалары бұған дейін метеориттер мен астероидтардан табылған. Алайда олардың жұлдызаралық кеңістікте тікелей анықталуы алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл органикалық заттардың ғарыш бұлтынан жас планеталарға, астероидтар мен кометаларға жетуі мүмкін деген болжамды күшейтеді. Кейін мұндай денелер қанттар мен басқа да тіршілікке дейінгі молекулаларды жас планеталардың бетіне жеткізуі ықтимал.

Ашылған жаңалық ғарышта тіршілік бар екенін дәлелдемейді. Эритрулоза тірі ағзалардың қатысуынсыз да түзілетін химиялық қосылыс. Дегенмен оның жұлдыздар мен планеталар қалыптасатын ортадан табылуы тіршіліктің негізгі құрауыштары ғарышта кең таралуы мүмкін екенін көрсетеді.

Зерттеушілер енді жұлдызаралық кеңістіктен рибоза және одан да күрделі қант молекулаларын іздеуді жоспарлап отыр. Егер мұндай заттар да анықталса, Жердегі алғашқы тіршілікке қажетті органикалық шикізаттың бір бөлігі ғарыштан келген болуы мүмкін деген болжам нығая түспек.

Тэгтер:

ғарыш қант молекуласы