LG құрылғылары пайдаланушылардың дауысын жазуы мүмкін

20 шілде, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

LG компаниясының ақылды құрылғыларға арналған жаңартылған пайдалану шарттары интернет қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Құжатта дауыспен басқарылатын құрылғыны пайдаланған кезде отбасы мүшелерінің, балалардың, қонақтардың және айналадағы басқа адамдардың сөздері жазылып, жасанды интеллект қызметін ұсыну үшін талдануы мүмкін екені көрсетілген, деп хабарлайды turkystan.kz techradar.com-ға сілтеме жасап.

Ең көп сынға ұшыраған тұсы, құрылғы иесіне жүктелген жауапкершілік. LG талаптарына сәйкес, пайдаланушы дауысы жазылуы ықтимал адамдарды бұл туралы алдын ала хабардар етуге және қажет болған жағдайда олардың келісімін алуға тиіс. Компания мұны телефон әңгімесін жасырын тыңдауға, дыбыс жазуға және жеке өмірді қорғауға қатысты жергілікті заңдарды сақтау қажеттілігімен түсіндіреді. Біреу дауысын өңдеуге келіспесе, құрылғының микрофонын немесе дауыстық қызметтерін өшіру ұсынылған.

Бұл тармақ LG теледидары үйдегі барлық әңгімені тәулік бойы тыңдап, жазып отырады дегенді білдірмейді. Ресми құжатта дыбыстың дауысты тану мүмкіндігі бар өнім қолданылған жағдайда жазылуы мүмкін екені айтылған. Яғни мәселе негізінен пайдаланушы іске қосқан дауыстық көмекші, іздеу немесе өзге де жасанды интеллект қызметтері туралы болып отыр.

Сонымен қатар «жазылған әңгіменің барлығы жасанды интеллектіні оқытуға жұмсалады» деген ақпарат та толық дәл емес. LG-дің АҚШ-та жарияланған құпиялық ережесінде дауыстық жазбалар қызметті ұсыну және сапасын жақсарту мақсатында бір жылға дейін сақталуы мүмкін екені жазылған. Алайда оларды жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін пайдалану тұтынушының арнайы келісімінсіз жүргізілмейтіні көрсетілген. Компания дауыстық ақпаратты сатпайтынын да мәлімдеген. Ережелер әр елдің заңына қарай өзгеруі мүмкін, сондықтан пайдаланушылар өз аймағына арналған құжатпен танысқаны жөн.

LG жаңа пайдалану шарттары мен құпиялық саясатын 2026 жылғы 29 сәуірден бастап енгізді. Компания жаңартудың негізгі бағыттары ретінде жеке ақпаратты жинау және пайдалану тәртібін, сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген қызметтерді атады. Жаңа талаптармен келіспейтін адамдарға LG есептік жазбасын жабу мүмкіндігі берілген.

Интернетте тараған тағы бір ақпаратта микрофонды өшірген пайдаланушы дауыстық енгізумен қатар қауіпсіздік жаңартуларынан да айырылатыны айтылған. Алайда LG-дің ресми шарттарында микрофонды немесе дауыстық функцияларды өшіру бағдарламалық қауіпсіздік жаңартуларын тоқтататыны жазылмаған. Микрофон сөндірілсе, дауыстық басқару мүмкіндіктері жұмыс істемейді, бірақ құрылғы интернетке қосылып, жүйелік жаңартуларды қабылдай алады.

Қауіпсіздік жаңартуларынан айырылу қаупі басқа жағдайда пайда болады. Мысалы, пайдаланушы жаңа бағдарламалық жасақтаманы мүлде орнатпаса немесе теледидарды интернеттен толық ажыратса, құрылғы маңызды жаңартуларды қабылдамауы мүмкін. Технологиялық басылымдардағы осы екі әрекет микрофонды өшірумен араласып, ақпараттың бұрмалануына себеп болған.

LG мониторларына қатысты дау бөлек мәселе. Кейбір Windows қолданушылары LG мониторын компьютерге қосқаннан кейін LG Monitor App Installer бағдарламасы Microsoft Store арқылы автоматты түрде орнатылғанын хабарлаған. Одан кейін қолданба McAfee Scam Detector бағдарламасының 30 күндік сынақ нұсқасын ұсынған. Мәліметке қарағанда, орнату Windows жүйесіндегі құрылғыға байланысты қосымшаларды автоматты түрде жүктейтін тетік арқылы жүзеге асқан.

Әзірге бұл құбылыстың LG мониторларының барлық үлгісіне қатысты екені дәлелденген жоқ. Ақпарат негізінен жекелеген пайдаланушылардың хабарламалары мен технологиялық шолуларға сүйенеді. Оның үстіне мониторларға бағдарламаның автоматты орнатылуы теледидардағы дауысты тану және дыбыс жазу талаптарынан бөлек мәселе саналады.

Жаңа шарттар LG құрылғыларының пайдаланушыны жасырын түрде үнемі тыңдайтынын дәлелдемейді. Дегенмен компанияның бөгде адамдардың дауысын жазу жауапкершілігін құрылғы иесіне жүктеуі құпиялыққа қатысты орынды сұрақтар туғызды. Үйінде дауыстық көмекшіні пайдаланатын адам микрофон баптауларын, деректерді сақтау шарттарын және жасанды интеллект қызметтеріне берген келісімдерін қайта тексергені дұрыс.