Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех анықталды

18 шілде, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех анықталды. Заңсыз кәсіпті ұйымдастырды деп күдікке ілінген адам қамауға алынған, деп хабарлайды ҚМА.

Ведомствоның мәліметінше, Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысты деп күдікке ілінген топтың қызметін тоқтатқан.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды.

Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылған.

"Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталып жатыр. Ұйымдастырушы қамауға алынды", - делінген хабарламада.