Жаңалықтар

Мұхтар Тайжан: Турасын айтайық, Қазақстанда 140 ұлттың өкілі тұрмайды!

ашық дереккөзі

Мұхтар Тайжан: Турасын айтайық, Қазақстанда 140 ұлттың өкілі тұрмайды!

Белгілі экономист Мұхтар Тайжан Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақ қоғамына қажеттілігі азайды деп есептейді. Ол өзінің Facebook-парақшасында жариялаған жазбасында  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында маңызды болған осынау институт бүгінде театрландырылған қойылымға ұқсап бара жатқанын айтты.  Экономистің пікірінше, Қазақстанда 140 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Мұны ол коммунистік кезеңнен қалған асыра сілтеушілікке балап отыр. «Бұл институт бізге 25-20-15 жыл бұрын қажет болса болған шығар. Ол кезде қазақтардың елдегі үлес салмағы 38-50 пайыз аралығында еді. Ал, қазір демографиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты (қазақтардың саны 77 пайызды құрайды) ҚХА жасандылыққа бой алдырып барады. Турасын айтайық, біздің елде 140 ұлттың өкілі тұрмайды», - дейді ол өзінің жазбасында. Мұхтар Тайжанның айтуынша, елде бір ұлттың бір ғана өкілі тұрса да, оны диаспоралар қатарына қосып, 140 ұлтан тұратын Ассамблеяны жасап шығарған. Ал, сол Ассамблеяның 10 өкілі Мәжіліске депутат болып тағайындалады. Қоғам белсендісі  қазақ балаларына өзге ұлт өкілдерінің киімдерін кигізіп, елдегі көпұлттылықты көрсетуді де ерсілік деп есептейді. «Әрине, әр ұлттың өкілі өзінің ұлттық киімін киіп жүруге құқылы. Бірақ, сол ұлттардың өкілдерін мектептерден, ауылдар мен қалалардан таппасақ, оның ұлттық киімін қазақ баласына кигізудің не қажеті бар? Бұл барып тұрған мазақ қой. Қазақстанда мемлекетті қалыптастырушы бір ғана ұлт бар, ол - 13 миллионға жетіп қалған қазақ халқы. Кез келген өзге мемлекеттердегі секілді бізде де диаспоралар бар, олар өз тілін, дінін, мәдениеті мен дәстүрін сақтауға құқылы. Бірақ, қазіргі жастар ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді үйренуі керек, қазақша сөйлеуі керек. Мемлекет соған міндеттеуі тиіс», - дейді Мұхтар Тайжан. Мұхтар Тайжанның болжамынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарауына көп уақыт қалған жоқ. Өйткені елдегі демографиялық жағдай соған әкеле жатыр. «Біз еуропалық үлгіде ұлттық-демократиялық құқықтық мемлекет қалыптастыруымыз қажет», - деп жазды экономист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.