Жетісу облысының Жаркент қаласында болған жол-көлік оқиғасынан кейін түсірілген сурет әлеуметтік желіде кең тарады. Кадрда жол жиегінде жатқан адамның бейнесі көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 17 шілде күні Панфилов ауданының Жаркент қаласында тіркелген.
Алдын ала дерек бойынша, Пушкин көшесімен келе жатқан Audi A6 автокөлігінің жүргізушісі Уәлиханов көшесінің қиылысында жолға шығып келе жатқан кәмелетке толмаған велосипедшіні қағып кеткен. Оқиға салдарынан жасөспірім түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті материалдар жиналып, процессуалдық шешім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полиция ата-аналарға балаларымен жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы жиі сөйлесіп, жолда өзін ұстау ережелерін түсіндіріп отырудың маңызын ескертті. Сондай-ақ велосипедшілерге жолдан өтерде ерекше сақ болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтты.