«Семей орманындағы» өрт оқшауланды

Бүгін, 14:06 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватындағы өрт оқшауланды, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Бородулиха ауданындағы орман өрті бүгін сағат 9:45-те оқшауланды.

Өртті сөндіру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты "Семей орманы" және "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК, сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды.

Жалпы өртті сөндіруге 769 адам, 191 жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды.

Өртті сөндіру басталғаннан бері авиация арқылы 319 рет су төгіліп, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілді.

"Премьер-министрдің тапсырмасымен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Абай облысына келіп, аймақ басшысы Берік Уәлимен бірге жұмылдырылған күштер мен құралдардың жұмысын үйлестірді. Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев пен Берік Уәли өрт аумағын тікұшақпен әуеден бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру және өрт ошағын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.