Продюсер әрі кәсіпкер Баян Алагөзова Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешоваға сыйлаған жаңа пәтерін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алагөзова екі ай бұрын актрисаға баспана сыйлауға уәде бергенін айтып, оны жаңа үйіне арнайы шақырған. Продюсер қуанышты сәтте шашу шашып, пәтердің кілтін табыстады.
Жарияланған видеодан баспананың толық жабдықталғанын көруге болады. Пәтерге қажетті жиһаздар қойылып, әр бөлменің іші арнайы безендірілген.
Меруерт Өтекешоваға қабырғаға ілінген «Қыз Жібек» бейнесіндегі картина ерекше әсер қалдырды. Туындыны суретші Ботагөз Аканаева екі ай бойы салған.
Баян Алагөзова актрисаға тағы бір тосынсый дайындағанын мәлімдеді. Ол Меруерт Өтекешоваға екі адамға арналған Түркияға жолдама сыйлады.
Өнер иесі бұған дейін шетелге арнайы демалысқа барып көрмегенін айтып, толқығанын жасырмады.
"Сөзім жоқ. Көзіме жас келіп тұр", – деді Меруерт Өтекешова жаңа пәтерді аралап жүріп.