Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары Қытай бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Жергілікті басылымдар Мемлекет басшысының қытай тілін еркін меңгергенін ерекше атап өтіп, оның ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуіне жоғары баға берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхай қаласына жұмыс сапарымен барған.
Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде Қытай басшысына қытай тілінде алғыс білдірді.
"Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Жылы қарсы алғаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз", – деді Мемлекет басшысы.
"Тоқаев қытай тілінде акцентсіз тамаша сөйлейді"
Тоқаевтың қытай тілінде сөйлеген сәті жергілікті ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Қытайдың Baijiahao басылымы Қазақстан Президентінің қытайлық өкілдермен аудармашысыз тілдескеніне назар аударған.
Басылым авторлары оның сөздерді анық әрі акцентсіз айтатынын атап өтті.
"Ол қытай тілінде сөйлеп қана қоймай, дыбыстарды өте таза айтатынын көрсетті", – деп жазды қытайлық БАҚ.
Журналистер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде Бейжіңде білім алғанын және Қытайда сегіз жылға жуық дипломатиялық қызмет атқарғанын да еске салды.
Сондай-ақ жарияланымда Қазақстан Президентінің қытай асханасын ұнататыны және үстел теннисімен айналысатыны айтылған. Қытайлық БАҚ Тоқаевты "қытай халқының ескі досы" және Қытайды терең білетін адам ретінде сипаттаған.
Оған қатысты "чжунготун" атауы да қолданылған. Бұл сөз қытай тілін жетік меңгеріп, елдің мәдениетін, тарихын және халқының дүниетанымын терең түсінетін шетелдік азаматтарға қарата айтылады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді
Қытайдың мемлекеттік Xinhua агенттігі Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға бергенін жазды. ҚХР төрағасының айтуынша, екі мемлекеттің байланысы жыл өткен сайын нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының әлеуеті әлі де жоғары екенін атап өткен. Ол Бейжің мен Астанаға даму стратегияларын өзара үйлестіріп, әртүрлі саладағы нақты жобаларды көбейту қажет екенін жеткізді.
Екі елдің экономикалық серіктестігінің қарқынды дамып келе жатқанына All China Review басылымы да назар аударған. Басылым мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі рекордтық 48 миллиард долларға жеткен.
Тараптар 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Мақала авторлары Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы кездесулердің негізінде тұрақты дамып келе жатқан экономикалық қарым-қатынас жатқанын атап өтті.
Басылымда Қытай Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері елдің негізгі сауда серіктестерінің бірі болып келе жатқаны жазылған.
Еуразиялық даму банкінің деректеріне сүйенген авторлар 2025 жылдың ортасына қарай Қазақстан экономикасына салынған қытайлық тікелей инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 11,4 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
Бұл көрсеткіш Орталық Азия мемлекеттерінің арасында ең жоғары нәтиже саналады. Сондай-ақ Қазақстанға салынған инвестиция Қытайдың бүкіл Орталық Азияға бағыттаған капиталының үштен біріне жуығын құрайтыны айтылған.
Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасында да маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Мәліметке сәйкес, екі бағыт арасындағы құрлық жүктерінің 85 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Осы көрсеткіштер Қазақстанның Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасындағы негізгі транзиттік мемлекеттердің біріне айналғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан Қытай үшін маңызды энергия ресурстарын жеткізуші ел саналады. All China Review басылымының жазуынша, Қазақстан Қытайдың табиғи газ импортының шамамен бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді.
Қытайлық ақпарат құралдары екі ел арасындағы сауда, инвестиция, энергетика және транзит салаларындағы байланыстың алдағы уақытта да кеңейе түсетінін болжап отыр.