Халықаралық іздеуде жүрген алаяқ Түркияда ұсталды

Бүгін, 17:14 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан азаматын Түркия Республикасында ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Қазақстан Республикасы ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Анталья қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2021 жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, азаматтардың сеніміне кіріп, 6 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иемденген.

16 шілдеде күдікті Түркия Республикасынан Қазақстанға депортацияланды. Оны елге қайтаруға Қазақстанның Анталья қаласындағы Бас консулдығы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ықпал етті.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген төрт адамды ұстады. Қылмыстық істер материалдарына сәйкес, олардың әрекеттерінен келтірілген жалпы материалдық шығын 568 миллион теңгені құрады.