Атырау облысында қоғамдық резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2023 жылғы 21 тамызда «Атырау - Астрахань» тас жолында көлік жүргізуші жол-көлік оқиғасына жол беріп, салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бірнеше адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.
Тергеп-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін, бұл іс 2024 жылы негізінен қарау үшін сотқа жолданды.
Алайда, сот шешімдері жоғары тұрған инстанцияларда бірнеше рет қайта қаралып, күші жойылғандықтан, ұзақ уақыт бойы кінәлі тұлға жауапқа тартылмаған.
Жаңадан қарау қорытындысы бойынша 2026 жылғы 23 ақпанда мемлекеттік айыптаушылар әділ сот шешіміне қол жеткізді. Сот үкімімен жүргізуші ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2026 жылғы 4 маусымда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Бұл мысал қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде ауыр зардаптарға әкеп соққан Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу жағдайлары үшін жазаның бұлтартпастығын айғақтайды.
Тек биылғы жылдың бес айында соттармен 28 қылмыстық іс қаралып, олардың нәтижесі бойынша 18 тұлға нақты бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Прокуратура жол жүрісінің барлық қатысушыларын жолдарда барынша мұқият әрі жауапты болуға, Жол жүрісі қағидаларының талаптарын мүлтіксіз сақтауға және бір қателіктің бағасы адам өмірін қиюы мүмкін екенін есте сақтауға шақырады.