Қытайдан 385 миллион жылдық тарихы бар кәріптас табылды

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: Science

Қытай ғалымдары осы уақытқа дейін белгілі болған ең көне кәріптасты анықтады. Шыңжаң өңірінен табылған өсімдік шайырының тасқа айналған бөлшектері шамамен 385 миллион жыл бұрын, орта девон дәуірінде қалыптасқан. Бұл алғашқы динозаврлар пайда болған уақыттан шамамен 140 миллион жыл бұрынғы кезеңге сәйкес келеді, деп хабарлайды turkystan.kz Наньцзин геология институтына сілтеме жасап.

Жаңалықты Қытай ғылым академиясының Нанкин геология және палеонтология институтының мамандары ашқан. Зерттеу нәтижесі Science Advances ғылыми журналында жарияланды.

Ғалымдар кәріптасты әдейі іздемеген. Олар Шыңжаңдағы Хуцзерсит геологиялық қабатынан ежелгі өсімдіктер мен сол дәуірдің табиғи ортасын зерттеу үшін көмір үлгілерін жинаған. Зертханада көмір кесектеріне ультракүлгін сәуле түсірілгенде, олардың арасындағы өте ұсақ бөлшектер ашық көк түспен жарқыраған. Бұл кәріптасқа тән белгілердің бірі саналады.

Шамамен 10 келі көмірдің ішінен 241 микроскопиялық бөлшек алынған. Олардың көпшілігінің көлемі жарты миллиметрден де кіші, ал кейбірі небәрі 0,1 миллиметр болған. Сондықтан мұндай көне шайыр қалдықтарының бұрын байқалмай қалуы мүмкін екені айтылды. 

Зерттеушілер табылған заттың жай ғана минерал емес, шын мәнінде тасқа айналған өсімдік шайыры екенін анықтау үшін инфрақызыл спектроскопия мен газды хроматография-масс-спектрометрия әдістерін қолданған. Химиялық талдау үлгілердің құрамында кәріптасқа тән терпеноидты қосылыстар бар екенін көрсетті.

Оның химиялық белгілері қазіргі қылқанжапырақты өсімдіктер бөлетін шайырға ұқсас болған. Алайда кәріптасты нақты қай ежелгі өсімдік өндіргені әзірге белгісіз. Өйткені 385 миллион жыл бұрын қазіргі ағаш түрлері әлі қалыптаспаған еді.

Бұған дейін химиялық жолмен расталған ең көне кәріптас АҚШ аумағынан табылған және оның жасы шамамен 320 миллион жыл деп есептелген. Қытайдағы жаңа олжа кәріптастың белгілі тарихын бірден 65 миллион жылға ұзартып отыр. 

Бұл жаңалық өсімдік шайырын тек тұқымды өсімдіктер ғана бөледі деген бұрынғы түсінікке де күмән келтірді. Жаңа дерек шайыр бөлу қабілеті өсімдіктер эволюциясының әлдеқайда ерте кезеңінде пайда болғанын көрсетеді. Шайыр өсімдік үшін табиғи қорғаныс қызметін атқарады. Ол зақымданған жерді жауып, саңырауқұлақтар мен өзге жұқпалардың енуіне кедергі келтіреді. Девон дәуірінде өсімдіктермен қоректенетін жәндіктер аз болғанымен, орман өрттері, физикалық зақымдар және паразиттік саңырауқұлақтар елеулі қауіп төндірген.

Ғалымдардың пікірінше, жарақаттанған жерді шайырмен тез бітеу қабілеті ертедегі өсімдіктердің құрлықта кең таралуына және қолайсыз жағдайда тірі қалуына көмектескен болуы мүмкін. Бұл қорғаныс тетігі кейінгі өсімдіктер әлемінің дамуына ықпал еткен. 

Табылған кәріптас бөлшектерінің ішінде жәндіктер немесе басқа тіршілік иелері сақталмаған. Олардың көлемі тым кішкентай. Дегенмен олжа ежелгі экожүйелерді зерттеу үшін маңызды химиялық ақпарат береді.

Зерттеу авторлары палеозой дәуіріне жататын көмір қабаттары мен ұсақ түйіршікті жыныстарды ультракүлгін сәулемен қайта зерттеуді ұсынады. Өйткені әлемнің басқа аймақтарында да көзге көрінбейтін көне кәріптас бөлшектері болуы ықтимал. Жаңа әдістердің көмегімен кәріптастың тарихы бұдан да терең кезеңдерге жалғасуы мүмкін.

Тэгтер:

Қытай кәріптас