«Канье Уэсттің Алматыдағы концерті бізбен келісілмеген»: «Қайрат» футбол клубы мәлімдеме жасады

Бүгін, 16:04 / Алуа Арман
© AP Photo / Michael Wyke

Бүгін 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерт беретіні туралы ақпарат тараған болатын. Мұндай мәлімдемені әртістің менеджері ресми түрде мәлімдеген. Алайда Орталық стадионда жаттығатын «Қайрат» футбол клубы өздерімен мұндай келісім жасалмағанын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тарады. «Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдейді. Себебі дәл осы стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді және қазір еурокубок жарыстарындағы өнерін жалғастырып жатыр. Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс. Сонымен қатар 11–13 тамыз аралығында клубтың еурокубоктағы әлеуетті өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ футбол клубы мұндай ақпаратты жариялауды әлі ерте деп санайтынын да тілге тиек етті.

«Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап етеді. Сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіреді. Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал. «Қайрат» ФК Орталық стадионда кез келген бұқаралық шараны өткізу бекітілген футбол күнтізбесін міндетті түрде ескере отырып және барлық мүдделі тараппен келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеді. Тиісті келісім толық аяқталғанға дейін клуб 14 тамыз күні өтеді деп жоспарланған концерттің Орталық стадионда ұйымдастырылатыны туралы ақпаратты жариялауды ерте деп санайды», - делінген хабарламада.

Тэгтер:

концерт әнші әртіс Орталық стадион Қайрат футбол клубы Канье Уэст