АҚШ-та ер адам мысықтың "көмегімен" банк тонамақ болған

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

АҚШ-та ер адам үй жануарлары дүкенінен үш айлық марғауды ұрлап, оны өзімен бірге банк тонауға алып барған. Ерекше қылмыс жоспары бірнеше минуттың ішінде сәтсіз аяқталып, күдікті оқиға орнында ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz nbcwashington.com-ға сілтеме жасап.

Оқиға Мэриленд штатының Белтсвилл қаласында болған. Бейнебақылау жазбасынан ашық түсті жейде мен қара бас киім киген ер адамның Pet Supplies Plus дүкеніне кіріп, көп ұзамай қолына қара ала марғауды ұстап жүгіріп шыққаны көрінеді.

Ұрланған марғаудың аты Магнолия екені анықталды. Ол жануарларды асырап алуға арналған арнайы орында тұрған. Күдікті жақын жерде ілулі тұрған кілтті пайдаланып, торды ашқан да, марғауды алып кеткен. Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, ер адам бұған дейін бірнеше апта бойы дүкенге күн сайын дерлік келіп, үнемі Магнолияға назар аударып жүрген.

Дүкеннен шыққан күдікті автотұрақтың арғы жағындағы PNC Bank бөлімшесіне бет алған. Банкке кірген соң ол қызметкерлердің бірінен марғауды уақытша ұстап тұруды сұраған. Осы кезде қағазға талап жазып, касса қызметкеріне ұсынған. Жазбада банктегі ақшаны беру талап етілген.

Алайда күдіктінің жоспары жүзеге аспады. Полиция қызметкерлері банкке бірнеше минуттың ішінде жетіп, ер адамды ұстады. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Магнолия банк басшысының бөлмесінен аман-есен табылды.

Марғауға қамқорлық көрсететін Beltsville Community Cats ұйымы оның денсаулығына еш зиян келмегенін хабарлады. Ұйым өкілдері Магнолияның «қылмыстық өмірі» осымен аяқталғанын әзілмен жеткізді.

Магнолия қазір де жаңа иесін күтіп отыр. Жануарларды қорғаушылар оны мейірімді, ойнағанды жақсы көретін және үнемі пырылдап жүретін марғау ретінде сипаттайды. Олар Магнолияға енді заңды құрметтейтін, қамқор әрі мейірімді отбасы керек екенін айтты.

Тэгтер:

мысық банк тонау