Ел спортын ғылым арқылы дамытуды көздейміз – Тұрсынзада Қуанғалиева

Бүгін, 16:00 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Жуырда Астанада Орталық Азиядағы бірегей жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі өтті. Ашылуында сөз алған Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лалович, Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску ұлттық спорт университетінің ашылуы дәстүрлі спорттың, цифрлық технологиялардың және инновациялық білім берудің тоғысуына негізделген жаһандық үрдістің айқын көрінісі екенін баса айтты. Бес жыл бұрын жұмысын бастаған университет бүгінде халықаралық қос дипломды бағдарламаларды іске қосып, Еуропаның жетекші университеттерімен бірлескен ғылыми орталықтар ашып, Орталық Азиядағы алғашқы спорт менеджерлерін даярлау бағдарламаларын енгізді. Университет базасында WADA-мен бірлескен білім беру бастамалары, спорттық медицина және реабилитация орталығы, Women in Sport Kazakhstan жобасы, Венгриямен бірлікте құрылған Excellence Center Sustainable Sports Science және басқа да бірегей жобалар жұмыс істейді. Қазақ ұлттық спорт университеті тек білім беру мекемесі емес, сонымен қатар жаңа буын мамандарын даярлайтын, спорт ғылымын дамытатын, инновацияларды енгізетін және әлемнің жетекші спорт ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын халықаралық орталық ретінде қалыптасып келеді. Қазақстанның жаһандық спорт кеңістігіндегі беделін арттырып, халықаралық үздік тәжірибелерге негізделген заманауи спорт білімін жетілдіру жүйесін дамытуды мақсат еткен Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиевамен аз-кем сөйлескен едік.

– Жаңалықтарда Қазақ ұлттық спорт университеті Орталық Азия­да­ғы бірегей оқу орны ретінде аталып жүр. Университетті Орталық Азия­да­ғы басқа оқу орындарынан ерек­ше­лен­діретін негізгі артықшылықтары қан­дай?

– Бұл – Қазақстандағы спорттық бі­лім берудің жаңа кезеңінің басталуы. Кейін­­гі бес жыл ішінде университетті тү­­бегейлі жаңғырту бағытында ауқымды жұ­­мыс атқарылды. Біз материалдық-тех­ни­­­­­­калық базаны жаңартумен ғана шек­тел­медік. Қазіргі спорт тек жарыс алаңын­­­­дағы нәтижемен өлшенбейді. Оның артында ғылым, медицина, ана­литика, цифрлық технологиялар, ме­недж­­мент, халықаралық құқық, ком­му­ни­кация және инновация тұр. Сондықтан біз дәл осы салалардың барлығын бірік­тір­ген жаңа білім беру экожүйесін қа­лып­тастырдық. Біздің университет – Ор­та­лық Азиядағы спорт ғылымын, жоғары білімді және халықаралық тәжірибені бір алаңға тоғыстырған алғашқы универ­си­тет­­тердің бірі. Жуырда университеттің ал­­­ғашқы түлектеріне диплом тапсыру­дың салтанатты рәсімі өтті. Биыл оқу ор­­нын 600-ге жуық түлек тәмамдады. Олар­дың 300-ден астамы мемлекеттік бі­лім беру гранты негізінде, ал 100-ден ас­­там студент Қазақ ұлттық спорт уни­вер­­ситеті құрылтайшысының гранты бойын­­ша білім алды. 

– Құрылтайшы гранты қандай мүм­­­­кіндіктер береді? 

– Университет құрылған сәттен бас­тап Қазақстандағы спорттық білім мен спорт саласын дамыту мақсатында жүзе­ге асырылып келе жатқан Құрылтайшы­ның қолдау бағдарламасы бар. Бағ­дар­ла­ма аясында Құрылтайшы гранттарының Life Chance Grant және Merit Grant сынды екі бағыты қарастырылған. Life Chance Grant әлеуметтік гранты, ең алдымен, ауыл­­дан түлеп ұшқан талапкерлерге са­палы жоғары білім алуға және өз әлеуетін то­­лық ашуға мүмкіндік береді. Life Chance Grant оқу ақысын толық өтеумен қатар, кампуста тұруды қамтамасыз етеді жә­не ай сайын 100 000 теңге көлемінде шә­­кіртақы тағайындайды. Сонымен қа­тар грант иелері оқу барысында үш жыл бойы жеке менторлармен тығыз байла­ныс­та болады. Бұл тәлімгерлер студент­тер­дің академиялық, кәсіби және тұлға­лық дамуына бағыт-бағдар беріп, олар­дың кәсіби мансабын қалыптастыруға кө­мектеседі. Үшінші оқу жылында сту­дент­терге академиялық ұтқырлық бағ­дар­ламасы арқылы шетелде бір семестр білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Life Chan­ce Grant қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Ол студенттің жеке білім беру траекториясын қалыптастыруға, ха­лықаралық жобаларға қатысуына, кәсіби даму бастамаларына қосылуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуына жағдай жасайды. Нәти­жесінде, ауылдан келген жас маман жан-жақты тұлғалық даму кезеңінен өтіп, спорт саласындағы беделді ұйымдарда та­бысты еңбек етуге мүмкіндік алады. Жыл сайын бұл әлеуметтік грант 10 та­лап­керге беріледі және олардың спорт са­ласындағы кәсіби әрі көшбасшылық әлеуе­тін дамытуға бағытталған.
Ал Merit Grant – талапкердің жетіс­тік­­тері мен жоғары әлеуетіне қарай бе­рі­ле­тін Құрылтайшы гранты. Грант Қазақ ұлт­тық спорт университетіндегі оқу ақы­сын толық өтеп, спорт саласында са­палы білім алуға мүмкіндік береді.

– Университетті аралап көрген көп­шілік кампустың ерекше екенін баса айтады...

– Заманауи спорттық білім беру үр­ді­сін сапалы инфрақұрылымсыз көзге елес­тету мүмкін емес. Сондықтан уни­вер­си­тетте оқу үдерісін, ғылыми зерттеулерді жә­не спортшыларды даярлауды толық қам­тамасыз ететін халықаралық талап­тарға сай кешен қалыптастырылды. Кам­­­пус құрамында оқу және ғылыми-зерт­теу корпустары, кітапхана, сту­дент­тер мен профессор-оқытушыларға ар­нал­­ған жатақханалар, колледж, көп­фун­кционалды спорт кешені, жеңіл атлетика ма­нежі, олимпиадалық жүзу және секіру бас­сейндері, стадион, сондай-ақ спорт­тық медицина және оңалту орталығы жұ­мыс істейді. Бұл инфрақұрылым білім беру, ғылым және жоғары жетістіктер спортын бір ортада ұштастырып, сту­дент­тер мен спортшыларға дайын­дық­тың толық циклінен өтуге мүмкіндік бере­ді.

– Әлеуметтік желіден байқаға­ны­мыз­дай, университет бірнеше жетек­ші шетелдік жоғары оқу орнымен бір­лескен жобаларды жүзеге асырып ке­леді. Мұндай халықаралық серік­тес­тіктер студенттерге, оқытушы­лар­ға және Қазақстандағы спорт ғылы­мы­ның дамуына қандай нақты нә­ти­же беріп отыр?

– Біз әлемнің жетекші спорт универ­ситет­терімен тең дәрежеде жұмыс істеуді мақ­сат еттік. Бүгінде университет Фран­ция, Польша, Италия, Швейцария, Венг­рия және Оңтүстік Кореяның жетекші жо­­ғары оқу орындарымен бірлескен жо­баларды жүзеге асырып жатыр. Мә­се­лен, Венгрияның Sport Science (HUSS) университетімен бірге Excellence Center «Sustainable Sports Science» халықаралық ғылыми орталығын құрдық. Бұл орталық спорт ғылымы мен тұрақты даму бағы­тын­дағы халықаралық зерттеулерді бірік­тіреді. Польшаның WSG University уни­верситетімен бірге Polish-Kazakh Rescue Innovation Center жұмыс істейді. Мұнда құтқару ісі, қауіпсіздік, инклюзия, Lifesaving Sport бағыттарын дамытып, ғы­лыми және халықаралық жобалар жү­зеге асырылады.
Сондай-ақ университет базасында за­манауи Sports Medicine & Rehabilitation Center ашылып, спортшыларды функ­цио­­­налдық диагностикалау, оңалту және ғы­лыми сүйемелдеу жүйесі қалыптас­ты­рыл­ды. Бұлардың барлығы – біздің халық­­аралық ғылыми инфрақұрылымды да­мы­тудағы нақты нәтижелеріміз.

– Қазір көпшілік спорт универ­си­теті дегенде көбіне жаттықтырушы не­месе дене шынықтыру мұғалімін даяр­лайтын оқу орнын елестетеді. Уни­верситет түлектерінің тек жат­тықтырушы емес, спорт индуст­рия­сының түрлі салаларында маман болуы­на қандай жағдай жасалған?

– Біз еңбек нарығына қарадық. Қа­зір­гі спорт саласына бұрынғыдай тек жат­тықтырушы немесе мұғалім даярлау жет­кіліксіз. Сондықтан университет бі­лім берудің барлық деңгейінде жаңа буын білім беру бағдарламаларын енгізді. Ба­калавриатта жаттықтырушылық қызмет, дене шынықтыру және спорт бойынша нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресі бойынша педагог-жаттықтырушы, спорттық оңал­ту, киберспорт, спорт индустриясын бас­қару және деректер аналитикасы, үс­тел үсті ұлттық зияткерлік ойындары бойынша педагог-жаттықтырушы, бейім­дік дене шынықтыру педагогы, туризм, сон­­дай-ақ интеллектуалды спорттық жүйе­лер мен аналитика бағыттары бойын­­ша мамандар даярланады. Ма­гис­тра­турада спорт менеджменті, Sport Management бағытындағы MBA және EMBA, «Leadership in Sports Medicine and Wellness» бағдарламасы, сондай-ақ спорт ғы­лымы тереңдей оқытылады. Док­то­ран­тура деңгейінде спорт индуст­рия­сындағы инновациялық менеджмент (PhD) және корпоративтік басқару мен көшбас­шы­лық (DBA) бағдарламалары іске асы­ры­лып жатыр. Бұл бағдарламалардың бар­лығы халықаралық тәжірибеге сүйене оты­рып әзірленген және спорт ин­дустриясының заманауи сұранысына жауап береді.

– Университетте ұлттық спортты дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазақ ұлттық спорт университеті ұлт­тық спортты дамытуға жүйелі әрі ст­ра­тегиялық тұрғыда үлес қосып келеді. Со­ның ең маңызды бастамаларының бірі – елімізде алғаш рет «Қазақ күресі» және «То­ғызқұмалақ» бойынша педагог-жат­тық­тырушыларды даярлау. Бұл бағдар­ла­малар халықаралық озық тәжірибеге сүйе­не отырып әзірленді. Атап айтқанда, Ко­рея мен Жапониядағы ұлттық спорт түр­лері бойынша мамандар даярлау мо­де­лі негізге алынды. Аталған елдерде ұлт­тық спорт жаттықтырушылары тек спортшы немесе бапкер ретінде емес, ұлт­тық спорттың идеологиясын, мәде­ние­тін және құндылықтарын насихат­тай­тын кәсіби маман ретінде даярланады. Осы тәжірибені енгізу арқылы универ­ситет тек жаттықтырушы емес, ұлттық спортты ғылыми тұрғыдан сүйемелдеп, оны жаңғыртуға, дамытуға, халықаралық деңгейде танытуға және спорттық дип­ломатияны ілгерілетуге қабілетті маман­дар­ды қалыптастырып жатыр. Мұндай тү­лектер ұлттық спорт түрлерін әлемдік дең­гейде дәріптеп, халықаралық ынты­мақ­тастықты дамытуға және Қазақ­стан­ның спорттық имиджін нығайтуға үлес қосады. Бұл – университеттің ұлттық спортты дамытуға қосқан маңызды әрі елі­міздегі тұңғыш білім беру баста­ма­лары­ның бірі.

– Бүгінде халықаралық қос дип­лом­ды бағдарламаларға сұраныс өте жо­ғары. Университет бұл бағытта қан­дай жетістікке жетті?

– Биыл біз үшін тарихи оқиға болды. Фран­циядағы Éklore-ed School of Manage­ment-пен бірлескен EMBA in Sport Management халықаралық қос дипломды бағ­дарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталды. Бұл – Қазақстандағы спорт саласының басшыларына арналған алғашқы халықаралық деңгейдегі Executive MBA бағдарламасы. Бағдарлама бары­сында тыңдаушылар Францияда білім алып, Tour de France ұйымдастыру тә­жі­ри­­бесін зерттеді. Осындай оқыту фор­ма­ты тыңдаушыларға спорт саласын бас­қару­дың заманауи үлгілерін, спорт мар­кетингін, спорт экономикасын, ха­лық­ара­лық спорт құқығын, әлемдік дең­гей­дегі ірі спорт жарыстарын ұйымдастыру те­тіктерін және Еуропаның жетекші спорт ұйымдарының үздік тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік береді. Қазір спорт саласына тек тәжірибелі спортшылар ға­на емес, халықаралық деңгейде жұмыс іс­тей алатын кәсіби менеджерлер қажет. Біз­дің мақсатымыз – дәл осындай көш­бас­шыларды даярлау.
Сонымен қатар университет Поль­ша­дағы WSG University, Италиядағы University of Marconi және Швейцариядағы SITE бі­лім ордаларымен бірлескен қос дип­лом­ды білім беру бағдарламаларын жү­зеге асырып келеді. Бұл бағдарламалар сту­денттерге халықаралық үлгідегі екі дип­лом алып, әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибені меңгеруге мүмкіндік бере­ді. Жалпы, бұл бағдарламалардың бар­лығы халықаралық тәжірибеге сүйене оты­рып әзірленген және спорт индуст­рия­сының заманауи сұранысына толық жауап береді.

– Университет Дүниежүзілік до­пинг­ке қарсы агенттікпен (WADA) де бір­лескен жобаларды іске асырып жа­тыр. Оның ерекшелігі неде?

– Әлемдік спорттағы басты құнды­лық­тардың бірі – адал спорт. Сондықтан біз Дүниежүзілік допингке қарсы агент­тікпен (WADA) бірлесіп Global Clean Sport Leadership & Diplomacy Program бағдар­ла­масын іске қостық (WADA Anti-Doping Education Hub). Бұл – жай ғана оқу курсы емес. Бұл – болашақ спорт басшыларын адал­дыққа, жауапкершілігі жоғары ма­ман­ға және халықаралық басқару стан­дарттарына негізделген шешім қабыл­дауға үйрететін жаңа білім беру плат­фор­ма­сы. Қазақстанда мұндай деңгейдегі жо­ба бұрын болған емес. 

– Көпшілік спортты тек физи­ка­лық дайындықпен байланыстырады. «Спорт ғылымы» деген ұғымды көбі әлі толық түсіне бермейді. Бұл бағыттың маңызын қалай түсіндірер едіңіз? Университеттің ғылыми ба­ғы­тын дамытуға қандай басым­дық­тар беріліп отыр?

– Қазіргі университет ғылымсыз да­мы­майды. Кейінгі кезде біз ғылыми зерт­теулерге ерекше көңіл бөліп келеміз. Қа­зақ ұлттық спорт университетінде спорт ғылымы және инновациялар инс­титуты, спорттық аналитика және даяр­лық орталығы, VR/AR Taekwondo Performance & Innovation Center және SMART Golf Performance Center жұмыс істейді.
Университеттің ғылыми қызметі спорт саласында тәжірибеде қолдануға ба­­ғытталған инновациялық шешімдерді әзір­леуге негізделген. Осы бағытта 2025 жыл­дан бастап «Жасанды интеллект тех­но­логияларын пайдалана отырып, бұ­қара­лық спортты дамыту арқылы орта жә­не егде жастағы халықтың өмір сүру са­пасын жақсарту» атты ғылыми-тех­ни­ка­лық бағдарлама іске қосылған. Бағ­дарлама аясында жасанды интеллект пен цифрлық мониторинг технологиялары қолданылып, азаматтардың жасына, денсаулық жағдайына және функцио­нал­дық мүмкіндіктеріне сәйкес жеке фи­зи­калық мүмкіндігін саралау, сондай-ақ ха­­лықтың спортқа құлшынысын арт­тыру­­д­ың ғылыми негізделген жүйесін қа­лыптастыру көзделген. Сонымен қатар 2025 жылы университет қазақ күресі спортшыларын даярлауды жетілдіруге арналған ғылыми жобаны сәтті аяқтады. Жоба нәтижесінде жаттығу үдерісін да­мы­тудың дербестендірілген тәсілі енгі­зі­ліп, жасанды гипоксиялық жаттығу тех­нологиялары сынақтан өткізілді, жеке жат­тығу режимдері мен жаттық­тыру­шы­ларға арналған практикалық ұсынымдар әзірленіп, олар спорт резерві мен жоғары бі­лікті спортшыларды даярлау жүйесіне ен­гізілді.
Біздің көздеген мақсатымыз – ғылы­ми зерттеулердің нәтижесін тікелей спорт­шыларды даярлау процесіне енгізу.
Біз әлемнің жетекші спорт универ­си­тет­терімен тең дәрежеде ғылыми зерттеу жүр­гізетін, халықаралық рейтингтерде жо­­ғары орын алатын, әлемдік спорт ұйым­­дарының сенімді серіктесіне ай­нал­ған оқу орны болуды көздейміз. Ең бас­тысы – біз чемпиондарды ғана емес, спорт­ты дамытатын ғалымдарды, менед­жер­лерді, сарапшыларды, халықаралық деңгейдегі көшбасшыларды тәрбиелеуді мақсат етеміз. Өйткені XXI ғасырдағы спорттың болашағы тек ареналарда емес, университеттердің аудиториялары мен ғылыми зертханаларында қалыптасады.

– Ісіңіз оңға бассын!

Әңгімелескен – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Қазақ ұлттық спорт университеті Тұрсынзада Қуанғалиева