Цифрлық банк қызметтері көп шаруаны жеңілдеткенімен, алаяқтарға да біршама мүмкіндік ашты. Қылмыскерге бұрынғыдай қалта не әмиян торуылдаудың қажеті жоқ. Телефон шалып, өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе байланыс операторы деп таныстырса, жетіп жатыр. Адамды асықтырып, қорқытып немесе «ақшаңызды сақтап қаламыз» деп сендірген соң, жеке деректерін, SMS-кодын алуға тырысады. Кей жағдайда азаматтың телефонына қашықтан қосылып, оның атына несие рәсімдейді.
Мәселенің ауқымын ресми статистика да көрсетеді. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2025 жылы ел аумағында алаяқтардың 84,5 миллион қоңырауы бұғатталған. Сондай-ақ жалған қоңыраулар ұйымдастырған 13 орталықтың қызметі тоқтатылған.
Осындай қауіпке қарсы енгізілген қарапайым құралдың бірі «Стоп-кредит» қызметі болып отыр. Оның ресми атауы «Банк қарыздары мен микрокредит алудан ерікті түрде бас тарту». Қызметті қосқан азамат өзінің атына банк несиесі мен микрокредит рәсімдеуге алдын ала тыйым салады. Бұл, әсіресе, қазір қарыз алуды жоспарламайтын, жеке деректерінің бөтен адамның қолына түсуінен қауіптенетін немесе егде жастағы туыстарының қауіпсіздігіне алаңдайтын адамдарға тапстырмас тетік.
Бұл тетікті eGov.kz порталы арқылы іске қосуға болады. Ол үшін жеке кабинетке кіріп, «Қызметтер» бөлімінен банктен қарыз және микрокредит алудан өз еркіңмен бас тарту қызметін таңдау қажет. Электрондық өтініш толтырылып, ЭЦҚ арқылы расталады. Нәтижесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрінеді.
E-gov Mobile қосымшасында да тыйымды бірнеше қадаммен қосуға болады. Басты беттегі танымал қызметтер арасынан «Қарыз бен микрокредиттен бас тарту» қызметін таңдап, қажет деректерді толтыру және әрекетті электрондық қолтаңба арқылы растау жеткілікті.
Қызмет іске қосылғаннан кейін азаматтың кредит тарихында қарыз алуға тыйым салынғаны туралы белгі пайда болады. Банк немесе микроқаржы ұйымы несие өтінімін қараған кезде кредиттік бюродан осы ақпаратты көреді және қарыз беруден бас тартуға тиіс.
Ең маңыздысы, тыйым салынған кезеңде азаматтың келісімінсіз несие рәсімделсе, мұндай берешек өз күшін жояды. Қаржы ұйымдарына бұл талап 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қойылды.
Қызметке деген сұраныс жоғары. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 маусымға дейін «Стоп-кредит» сервисі 6,3 миллион рет пайдаланылған. Бұл көрсеткіш жалпы адам санын білдірмейді, өйткені азамат тыйымды алып тастап, кейін қайта қоса алады. Дегенмен қызметтің кеңінен қолданылуы қоғамда бөтен адамның атына қарыз алудан жоғары екенін көрсетеді.
Алайда «Стоп-кредитті» барлық алаяқтықтан қорғайтын әмбебап қалқан деп қабылдауға болмайды. Тыйым кредит бюролардың деректерін пайдаланатын банктер мен микроқаржы ұйымдарына салынады. Ал ломбардтарға және қарыз алушыны бағалау кезінде кредит бюросына жүгінбейтін өзге ұйымдарға бұл ереже жүрмейді. Азамат кейін несие алғысы келсе, қызметтің күшін кез келген уақытта өзі тоқтата алады.
Қауіпсіздікті күшейту үшін кредит тарихын да үнемі тексеріп отырған жөн. Еліміздің әрбір азаматы жылына бір рет өзінің жеке кредит есебін тегін ала алады. Есептен өзі рәсімдемеген қарызды немесе күмәнді өзгерісті көрсе, банкке, микроқаржы ұйымына және құқық қорғау органдарына дереу хабарласуы қажет.
Алаяқтар технологияны өзгерткенімен, олардың негізгі тәсілі сол күйінде қалады. Олар адамды абдыратып, ойлануға уақыт бермеуге тырысады. Сондықтан бейтаныс адамға SMS-кодты, карта деректерін, құпиясөзді және жеке құжаттың көшірмесін жіберуге болмайды. Телефонға қашықтан басқару бағдарламасын орнатуға да келіспеген жөн.
Ал қарыз алмаймын десеңіз, «Стоп-кредитті» алдын ала қосып қою – көп уақытты алмайтын, бірақ зор шығын мен қауіптің алдын алатын қадам.
Д. Жанатқызы