«Сет-джеттинг» ел туризміне қалай әсер етпек?

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan IPW

Дәстүрлі туристік буклеттер мен ресми көрмелердің заманы өтті ме? Бұлай дейтініміз, бүгінде елдің туристік әлеуетін танытудың ең қуатты құралы – визуалды өнер мен әлеуметтік желі. Дәл қазір еліміз осы екі бағытта айрықша көзге түсіп келеді. Бұған  әлемдік кино аңызы Джеки Чанның Маңғыстау мен Алматы облыстарында жаңа туындысын түсіруі мен аудиториясы миллиондаған шетелдік топ-блогердің Ұлы даланы шарлауын мысал етсек болады.  Бұл оқиғалар елдің туристік индустриясына қандай серпін береді және заманауи туризмдегі бұл трендтің маңызы қандай? Сараптап көрейік. 

Бүгінде әлемдік туризм ин­дус­триясында жаңа тренд үстемдік құ­рып тұр. Ол – «сет-джеттинг» (set-jetting), яғни сүйікті фильмің, с­е­риалың немесе шоуың түсірілген шы­найы локацияларға арнайы сая­хат­тау. Көрермен тек экрандағы ға­жайып дүниемен шектеліп қалғысы кел­мейді; ол сол кадрдың ішіне еніп, кейіп­керлер жүрген жолмен жүруді, сол ауаны жұтуды армандайды. Мы­сал керек пе?!  Осы «сет-джеттинг» трен­дінің ең жарқын әрі оқулыққа ене­тін классикалық мысалы – Қы­тай­да­ғы Чжанцзяцзе ұлттық паркі. Джей­мс Кэмеронның 2009 жылы жа­рық көрген, әлемдік кинематограф та­рихында ең көп касса жинаған «Ава­тар» фильміндегі Пандора пла­не­тасының аспанда қалқып тұрған «Аллилуйя» таулары есіңізде болар? Осы таңғажайып визуалды бейненің не­гізгі прототипі дәл осы Чжанцзяц­зе­дегі биік тас бағаналар мен құздар еді. Фильм шыққаннан кейін Қытай билігі өте жылдам әрі прагматикалық қа­дам жасады. Мысалы, 2010 жылы парк­тегі биіктігі 1080 метрлік әйгілі «Оңтүстік аспан бағанасы» (Southern Sky Column) ресми түрде «Аватар Ал­лилуйя тауы» деп өзгертілді. Бұл ше­шім әлемдік БАҚ-тың назарын ау­да­рып, парктің танымалдылығын заң­ғар биікке көтерді. Фильм шыққаннан кейін­гі алғашқы жылдардың өзінде-ақ бұл аймаққа келетін шетелдік ту­р­истер саны жүздеген пайызға өсті. Ту­ристер ағынын қабылдау үшін Қы­тай билігі әлемдегі ең биік ашық лифт – «Байлонг лифтін» салып, шы­ны көпірлер мен арнайы аспалы жол­дар желісін құрды. «Аватар» фи­ль­мі Қытайдың бір провинциясын­да­ғы беймәлім табиғат паркін әлемдік туризмнің Меккесіне айналдырды. Бұл – киноның туризмді трансфор­ма­циялау күшінің тікелей дәлелі.
«Сет-джеттинг» сиқырын тек Қы­тай ғана емес, басқа да көптеген ел тиім­ді пайдаланып отыр. Мәселен, «Са­қиналар әміршісі» атты танымал трилогияны баршаңыз көрген болар­сыздар?! Питер Джексонның трило­гия­сынан кейін Жаңа Зеландия елдегі Хоббитон ауылы мемлекеттің басты ви­зит картасына айналды. Мем­ле­кет­тік статистика мәліметтеріне сүйен­сек, Жаңа Зеландияға келетін әрбір бесінші турист өз сапарының басты себебі ретінде осы фильмнің локация­ларын көруді атайды. Ал Хорватия ше? «Тақтар ойыны» атты танымал се­­­­риалдан әсер алмаған көрермен жоқ шығар, сірә. Дубровниктің ескі қа­ласы сериалдағы «Корольдік айлақ» ретінде көрсетілгеннен кейін, қалаға келетін туристер саны геометриялық прогрессиямен өсті. Бұл тіпті қала­ның тарихи бөлігіне салмақ түсіріп, «ту­ризм ауыртпалығы» мәселесін ту­дырды. Бұл тақырыпты неге көтеріп отырмыз? Себебі  әлемдік кино аңызы Джеки Чанның бас рөліндегі культтік франшиза – «Құдайдың сауыты: Уль­тиматум» фильмінің түсірілімі дәл қа­зір елімізде жүріп жатыр. Бұл ел имид­жі үшін зор жеңіс екені белгілі.  

Бозжыра келесі «Пандора» бола ала ма?

Фильмнің түсірілімі Маңғыстау және Алматы облыстарында жүріп жатыр. Бұл табиғи көркем орындарды Джеки Чан 2025 жылдың соңында Қазақ­станға жасаған сапары кезінде өзі таң­даған. Жобаның бастамашы-лары – Sәlem Entertainment және Adal Investments. Фильмнің тұсаукесері 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған. Ал енді, Қа­зақстан бұл мүмкіндікті қалай пай­далануы керек?
Маңғыстаудың Бозжыра шатқалы өзінің «ғарыштық» ландшафтымен ерек­шеленеді. Егер бұл сұлулық әлем­дік деңгейдегі экшн-фильмде дұрыс ракурста, заманауи эффектілермен көр­сетілсе, Бозжыра шетелдік саяхат­шы­лар үшін Қытайдың Чжанцзяцзесі сияқты тартылыс күшіне айналуы әб­ден мүмкін. Сондықтан фильм прокатқа шыққаннан кейін түсірілім өткен орындарда арнайы ақпараттық белгілер, фотоаймақтар орнатып, кино-турлар құру қажеттігі сезіледі. Туристік операторлар арқылы «Дже­ки Чанның ізімен» немесе «Құдайдың сауыты: Маңғыстау құпиялары» атты арнайы маршруттар әзірлесе, тіпті, ға­жап. Қытайдың Чжанцзяцзе тә­жі­ри­бесінен сабақ ала отырып, Маң­ғыс­тау­дың нәзік экожүйесін бүлдіріп ал­майтындай, жүйелі туризм инф­ра­құрылымын дамыту да басты мәселе.

Әлемдік блогерлер Қазақстанға шақырады

Егер кино ұзақмерзімді және стра­тегиялық әсер беретін құрал болса, тревел блогерлер – дәл қазір нә­тиже беретін нағыз «жедел жәр­дем». Жуырда саяхатшы блогер Дас­тан Мұхамедкаримнің шақыруымен әлемге танымал TikTok және YouTube жұлдыздары Қазақстанға келіп, елдің көрікті жерлерін аралап, арнайы кон­тент түсірген еді. Олардың қата­рында иорданиялық танымал тревел-блогер Джо Хаттаб және америкалық кон­тент-мейкер Джошуа Платильеро бар. Джо Хаттабтың YouTube арнасын 20 миллионнан астам адам қарайды. Ал Джошуа Платильеро TikTok пен Instagram желілерінде әлемнің ең қы­зық­ты орындары туралы контентімен танымал. Қазір блогерлер өз елдеріне қайтып кеткен. Олардың түсірген видеолары әлеуметтік желілерде кең тарап, Қазақстанның туристік әлеуе­тін танытуға ықпал еткені айтылуда. Бұл сапардың ең маңызды жеңісі – бұ­рын барған жерлерінің нақты коор­динаталарын жасырын ұстай­тын блогерлердің Қазақстанда геоло­ка­цияны ашық белгілеп, елдің атын атап жариялауы. Бұл оның миллион­даған оқырманының картадан Қазақ­стан­ды іздеуіне тікелей түрткі болды. 
Желіде бұл сапарға «Қазақстан би­лігі қанша қаржы жұмсады?» деген сұ­рақтың қызу талқыға түскені жа­сырын емес. Алайда заманауи марке­тинг заңдылықтарына сүйенсек, бұл инвестицияның қайтарымы өте жо­ғары. Мұндай деңгейдегі блогерлердің миллиондаған қаралымы бар бір ви­деосының жарнамалық бағасы жүз­деген мың доллар тұрады. Олар­дың өз еркімен жасаған шынайы кон­тенті кез келген мемлекеттік рес­ми роликке қарағанда сенімдірек қа­былданады. Көрермен блогермен бір­ге Қайыңдының мұздай суына сүң­гіп, Бозжыраның аптабын сезін­ген­дей болады. Бұл  шешім қабылдау­ға, яғни билет сатып алуға тікелей әсер ететін психологиялық фактор. 

Түйін: 

Джеки Чан мен миллиондық блогерлер Қазақстанның есігін айқара ашып, әлемді шақырып жатыр. Ендігі мәселе – сол есіктен кірген қонақты қалай күтетінімізде. Ертең фильм шыққан соң, Бозжыра мен Қайыңдыға туристер ағылатыны сөзсіз.  Бізде сол ағынды қабылдайтын эко-қонақүйлер, сапалы жолдар мен кәсіби гидтер дайын ба?  Қалай десек те, Ұлы даланың ендігі тағдыры экрандағы кадрлар мен смартфондағы контенттің шынайы өмірдегі сапаға ұласуына тікелей байланысты. 

Наурызбек САРША

Тэгтер:

«Сет-джеттинг»