Ақшаны орнымен жұмсау қазір ең қажет дағдыға айналды. Ал қай дағдыны болмасын жастай бойға сіңіру жақсырақ нәтижеге жол бастайтыны белгілі.
Осыған байланысты балалардың қаржылық сауатын жақсартып, бағыт-бағдар беріп, жеке капиталдың әліппесін үйрететін бастамалар қолға алына бастады. Бұл ретте білім беру ұйымдарында түрлі жобалар жүзеге асып жатыр, осылайша жас ұрпаққа ақшаны дұрыс басқару мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
Ақша ұстауды үйрететін мультфильм
Жақында Ұлттық Банк пен Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы балаларға арналған «Қаржы әлемі» атты анимациялық фильм түсірді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ресми сұрағымызға жолдаған жауабында жоба арқылы оқушыларға ақша туралы күрделі ұғымдарды жеңіл, түсінікті әрі қызықты форматта жеткізу көзделгенін айтты.
– «Қаржы әлемі» – балалардың қаржылық сауатын жақсартуға арналған, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірлесіп әзірлеген заманауи білім беру анимациялық сериалы. Жоба арқылы балалар мен жасөспірімдерге қаржы негіздерін үйретуді, ақшаны жауапкершілікпен ұстау мәдениетін қалыптастыруды және күнделікті өмірде дұрыс қаржылық шешім қабылдауға баулуды көздедік, – деп жауап берді Ұлттық орталық мамандары.
«Қаржы әлемі» мультсериалы 12 бөлімнен тұрады. Оқиға орман қалашығында өмір сүретін мектеп оқушыларының айналасында өрбиді. Барыс, Арқар, Құлан, Сілеусін, Тиін, Сұртышқан, Кірпі секілді кейіпкерлер арқылы балалар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қаржылық жағдайлармен танысады.
– Мультсериалды әзірлеуге педагогикалық жобалау мен білім беру бағдарламаларын әзірлеу саласында мол тәжірибесі бар «Өрлеу» орталығының әдіскерлері мен Ұлттық Банк мамандары қатысты. Мұндай ынтымақтастық заманауи педагогикалық тәсілдерді қаржы саласындағы кәсіби сараптамамен ұштастырып, мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктеріне сай сапалы білім беру өнімін жасауға мүмкіндік берді, – деп түсіндірді Ұлттық орталықтың баспасөз қызметі.
Әр бөлімде ақшаны орнымен жұмсау, шын қажет нәрсе мен жай қызығуды ажырату, ақша жинау, шығынды жоспарлау, еңбек ету арқылы табыс табу сияқты маңызды дағдылар түсіндіріледі. Кейіпкерлердің басынан өтетін оқиғалар арқылы балалар қаржының тек ақша санау емес, жауапкершілік, тәртіп және дұрыс шешім қабылдау мәдениеті екенін ұғынады.
QARJY ALEMI-нің әр бөлімі балалар мен жасөспірімдер күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жағдайларға негізделген жеке оқиға ретінде құрылған. Қызықты сюжеттер мен түсінікті мысалдар арқылы көрермендер жеке және отбасылық бюджет, кіріс пен шығыс, жинақ, банк өнімдері, қолма-қол емес төлемдер, қаржылық қауіпсіздік, цифрлық қаржылық сервистер, салықтар, инвестициялар және жауапты қаржылық мінез-құлық сияқты тақырыптармен танысады.
Мультсериалда қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылады. Балаларға қаржы алаяқтарынан, күмәнді ұсыныстардан және қаржы пирамидаларынан сақтану жолдары қарапайым тілмен түсіндіріледі. Мұндай тақырыптардың анимациялық форматта берілуі оқушылардың ақпаратты жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді.
Ұлттық орталықтың мәліметінше, мультсериалдың басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделгенінде. Қаржы терминдерін жай ғана түсіндірудің орнына кейіпкерлер түрлі жағдайларды талдап, не істеуге болатынын қарастырады, шешімдерінің салдары қандай болуы мүмкін екенін бағалайды және саналы түрде таңдау жасайды. Мұндай формат оқушылардың сыни ойлауын, қаржылық жауапкершілігін, жоспарлау қабілетін және негізді шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Сценарий жазуға қаржы және білім беру саласының мамандары қатысып, мазмұны бала жасына сай, тәрбиелік әрі танымдық болуына мән берілген.
– Сериалды жасау барысында әдістемелік құрамдас бөлікке ерекше көңіл бөлінді. Сценариймен әдіскерлер, педагогтер және қаржы саласының мамандары бірлесіп жұмыс істеді, бұл әр бөлімді тек қызықты ғана емес, сонымен бірге білім беру мақсаттарына сай етуге мүмкіндік берді. Барлық сюжет желілері оларды сабақта, сабақтан тыс іс-шараларда және отбасылық көрілім кезінде кейінгі талқылаумен бірге пайдалануға болатындай етіп құрылған, – дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мамандары.
Олардың айтуынша, қаржылық сауатты мектеп жасынан қалыптастыру өте маңызды. Себебі бала ақшаның құнын, еңбектің қадірін және таңдау жасаудың жауапкершілігін ерте түсінсе, болашақта жеке қаржысын тиімді басқара алатын болады.
«Қаржы әлемі» мультсериалы осы бағыттағы пайдалы құралдың бірі болмақ. Ол балаларға қаржы негіздерін үйретіп қана қоймай, ата-аналар мен мұғалімдерге де күнделікті өмірде ақшаны дұрыс пайдалану тақырыбын түсіндіруге көмектеседі.
Заманауи анимация, түсінікті тіл мен тәжірибеге негізделген мазмұнның үйлесімі QARJY ALEMI-н жас ұрпақтың қаржылық мәдениетін қалыптастырудың тиімді құралына айналдырып отыр. Мультсериалдың «Балапан» телеарнасынан көрсетілуі сапалы контентті халыққа кеңінен таратып, бала мен ата-ана арасында қаржылық сауатты насихаттауға, сондай-ақ білім беру жүйесі, отбасы және қаржы институттары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деген сенім бар.
Озатындар ойнайтын ойын
Ұлттық Банк пен Оқу-ағарту министрлігі қолға алған тағы бір бастама – BarsIQ ойыны. Бұл білім беру тренажер-ойыны балаларға қаржы әлемін қызықты әрі түсінікті жолмен таныстырады. Бұл ойынның басты ерекшелігі, ол қаржылық сауатты құрғақ ереже немесе күрделі термин ретінде емес, өмірде кездесетін нақты жағдайлар арқылы үйретеді.
Ойынды ойнап отырған бала басты кейіпкермен бірге арнайы карта бойынша алға жылжиды. Карта 15 тақырыптан тұрады. Әр аймақ жеке қаржы тақырыбына арналған. Балалар отбасы бюджетін жоспарлау, кіріс пен шығысты ажырату, жинақ жасау, қажет пен қалауды салыстыру, инвестиция туралы алғашқы түсінік қалыптастыру, цифрлық төлемдер және қаржы алаяқтарынан қорғану секілді маңызды ұғымдармен танысады.
Әр деңгейде 5 қысқаша сұрақ немесе шағын тапсырма беріледі. Дұрыс жауап берген ойыншы IQ ұпайларын жинайды және келесі кезеңге өтеді. Мақсат тек барлық тапсырманы орындау емес, ең бастысы, дұрыс ойлануды үйрену. Бала әр жауап арқылы белгілі бір жағдайды талдайды, таңдау жасайды және өз шешімінің нәтижесін көреді.
Мұндай форматтың балалар үшін пайдасы зор. Себебі ойын арқылы берілген білім есте жақсы сақталады. Оқушы дайын ақпаратты жаттап алмайды, өзі әрекет етеді. Ол қателесуі мүмкін, қайта ойланады, дұрыс шешім іздейді. Осы арқылы балада сыни ойлау, жоспарлау және жауапкершілік дағдылары қалыптасады.
Қазіргі балалар цифрлық ортада өсіп келеді. Олар ақпаратты ойын, бейне, интерактивті тапсырма арқылы тез қабылдайды. Сондықтан білім беру тәсілдері де заманға сай болуы керек. Егер компьютерлік ойын дұрыс мазмұнмен жасалса, ол баланың уақытын алатын бос ермек емес, керісінше, пайдалы оқу құралына айналады.
Сондай-ақ қазір интернетте балалар мен жасөспірімдерге түрлі күмәнді ұсыныс айтатын алаяқтар көп. Жалған ұтыс, оңай табыс, тез байып кету туралы жарнама, белгісіз сілтемелер мен алаяқтық тәсілдер кез келген адамды шатастыруы мүмкін. Сондықтан бала мұндай қауіптерді ерте жастан түсінгені дұрыс.
BarsIQ осы тақырыптарды балаға ойын түрінде, жеңіл жеткізеді. Кейіпкердің басынан өтетін оқиғалар арқылы оқушы ненің дұрыс, ненің қауіпті екенін өзі байқайды. Бұл тәсіл баланың есте сақтауына да, өмірде қолдануына да ыңғайлы.
Мұндай ойындар мұғалімдер үшін де, ата-аналар үшін де пайдалы көмекші құрал бола алады. Сабақта белгілі бір тақырып түсіндірілгеннен кейін, BarsIQ арқылы оны бекітуге болады. Ал үйде ата-ана баласымен бірге ойнап, ақша, еңбек, үнемдеу және жауапкершілік туралы ашық әңгіме айта алады.
Қорыта айтқанда, BarsIQ – балаларға қаржы негіздерін заманауи әрі түсінікті форматта үйрететін пайдалы жоба. Ол жас ұрпақты ақшаны ұқыптап ұстауға, өз таңдауына жауапкершілік алуға және болашақта қаржылай сауатты азамат болуға баулиды.
P.S.
Қаржылық сауат бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбие, мектептегі білім мен күнделікті тәжірибе арқылы біртіндеп дамитын дағды екенін қаперде ұстаған маңызды. Бала ақшаның еңбектен келетінін, оны оңды-солды жұмсау қиындыққа тап қылатынын, ал саналы таңдау болашаққа жол ашатынын ерте жастан ұғынса, болашақта көп нәрседен ұтары сөзсіз.