Театр – халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттың рухани тамырын тірілтетін қасиетті өнер. Өйткені тарихын ұмытқан халықтың болашағы да бұлдыр. Ұлы тұлғаларды сахна тілімен сөйлету тек көркемдік міндет емес, ұлттық сананы қалыптастыратын азаматтық миссия. Себебі ол тарихи деректі ғана айтпайды, тарихи түсінікті қалыптастырады. Сахнада өткен күн тіріліп, бүгінгі адамның жүрегіне ұялайды. Осы тұрғыдан келгенде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының режиссері, өнердегі әріптесім Болат Ұзақов сахналаған Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасы – тәуелсіз Қазақстан театр өнеріндегі ең елеулі шығармашылық жетістіктердің бірі.
Жошы бір әулеттің мұрагері ғана емес, Дешті Қыпшақ даласында жаңа мемлекеттік жүйенің негізін қалаған қайраткер. Оның есімі бүгінгі қазақ мемлекеттігінің тарихи тамырымен сабақтас ұғым. Сондықтан Жошы туралы шығарманы сахналалау өткенді дәріптеу ғана емес, бүгінгі елдіктің қайдан басталғанын көрсету, театр тілімен ұғындыру. Қалибек Қуанышбаев театры сахналаған «Жошы хан» тарихи драмасын мен осы тұрғыдан қабылдадым.
Біз ұзақ уақыт бойы өз тарихымызды өзгенің көзімен оқып келдік. Кейде өз батырларымызды өзімізге қайта дәріптеуге, дәлелдеуге мәжбүр болдық. Әсіресе, Жошы хан тұлғасына қатысты жаңсақ пікірлердің қоғамдық санада орнығып қалғаны белгілі. Ал тәуелсіздік ұлттық санаға ғана емес, ұлттық өнерге де сілкініс әкеліп, жаңғыртып жаңартты, өзгертті. Театр тарихи тұлғаларды ұранның емес, шындықтың биігінен көрсетуге бет бұрды. Өйткені сахна жалғандықты кешірмейді. Театрдағы әрбір сөздің де, әрбір үнсіздіктің де өз шындығы болады. Ал бұл қойылым тарихи әділетті қалпына келтіруге, Жошы бейнесін мемлекетшіл тұлға, дала өркениетінің ірі қайраткері ретінде қайта тануға мүмкіндік берді. Бұл қойылымның ең үлкен жетістігі – тарихты саясаттың емес, өнердің тілімен сөйлетуінде. Тарихи тақырып сахнаға шыққанда ең үлкен қауіп бар. Ол – оқиғаны құр баяндауға айналдырып алу. Ондайда театр жалаң дәрістің құралына айналады. Ал «Жошы хан» спектаклінде тарихи дерек драмалық әрекетке айналған. Мұнда әрбір кейіпкердің өз ақиқаты, өз мұңы, өз трагедиясы бар.
Бұл спектакль тарихты қайта айту үшін емес, тарихтың мәнін қайта сезіндіру үшін қойылған.
Режиссер тарихи материалды көркемдік заңдылықпен ұштастырып, құрғақ көріністерге құрмай, адам жанының драмасына айналдыра алған, сәтті спектакль жасаған. Қойылымда тарихи тұлғаларды биіктетуден гөрі, олардың адамдық болмысын ашуға басымдық берілген. Шыңғыс хан да, Жошы да аңыз кейіпкерлері емес. Олар сахнада тірі адамдар болып өмір сүреді. Әкесі мен баласының арасындағы дүниетанымдық тартыс ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жеткен үлкен философиялық әңгімеге айналады. Жошының: «Бәрін бір қалыпқа салам деп жүргенде түркі баласы өзі жұтылып кетпей ме?» деген өмірлік сауалы XIII ғасырға ғана емес, бүгінгі заманға да қойылған сауал сияқты қабылданады. Нағыз драматургия дегеніміз – уақыттан биік тұратын ой. Осы тұрғыдан келгенде спектакльдің идеялық өзегі өте дәл табылған.
Біз Жошыны көп жағдайда Шыңғыс ханның үлкен ұлы ретінде ғана қабылдап келдік. Ал бұл спектакль Жошыны жеке тарихи тұлға ретінде танытады. Оның ел басқарудағы парасаты, болашақты болжайтын саяси көрегендігі, түркі дүниесін біртұтас кеңістік ретінде қабылдайтын ойлау жүйесі сахналық әрекет арқылы ашылады. Мен үшін бұл қойылымдағы ең маңызды нәрсе – Жошының жеңістері емес, оның күмәні. Нағыз мемлекет қайраткері қылыш сермегенде емес, халықтың ертеңін ойлаған кезде танылады. Қойылымда осы ішкі драма дәл табылған. Спектакльдегі Жошы мен Шыңғыс хан арасындағы тартыс тақ үшін күрес емес. Бұл – дүниетанымдардың қақтығысы. Бірі әлемді күшпен біріктіруге сенеді. Екіншісі сол кеңістіктегі халықтың тағдырын ойлайды. Осы тартыс спектакльдің философиялық өзегіне айналған. Бұл жетістік ең алдымен драматург пен режиссердің шығармашылық үндестігінен туған.
Режиссер Болат Ұзақов бұл шығарманы тарихи реконструкция ретінде емес, тарихи сана туралы спектакль ретінде шешкен. Мен режиссурада сыртқы сән-салтанаттан бұрын ішкі тынысты жоғары бағалаймын. Көрерменді әсерлендіруден гөрі, ойландыру қиын. «Жошы хан» ең алдымен ойландырады. Ұлттық рух айқаймен емес, ішкі қуатпен берілген. Әсіресе, сахналық кеңістіктің ұйымдастырылуы, көріністердің пластикалық шешімі, сахнадағы ырғақ пен үнсіздіктің өзара байланысы режиссердің шығарманы терең меңгергенін көрсетеді. Театрда кейде бір үнсіздік ондаған сөзден артық әсер етеді. Бұл спектакльде сондай сәттер аз емес. Қойылымның әр көрінісі ұлттық дүниетаныммен, тарихи атмосферамен, көркемдік тұтастықпен өрілген. Әсіресе, спектакльдің екінші бөлімінде Жошының мемлекет туралы ойлары бүгінгі Қазақстанның тарихи тамырымен табиғи сабақтасып жатыр.
Бұл спектакльдің тағы бір үлкен жетістігі тарихи тұлғаларды қарама-қарсы қою емес, олардың дүниетанымдық айырмашылықтарын көрсетуінде. Шыңғыс ханның мемлекеттік ойлауы мен Жошының елдік ұстанымы бір-біріне қарсы қойылмайды, қайта тарих эволюциясының заңды жалғасы ретінде көрінеді. Осындай режиссерлік шешім қойылымның көркемдік деңгейін айқындап тұр.
Қоюшы суретші Ерлан Тұяқов жасаған сахналық кеңістік тарихи дәуірдің рухын дәл жеткізеді. Декорациядағы жинақылық, ұлттық өрнек пен заманауи техникалық мүмкіндіктің үйлесімі спектакльдің көркемдік тынысын кеңейткен. Ұлы даланың кеңдігі, хан ордасының салмағы, көшпелі өркениеттің мінезі декорацияның әр бөлшегінен сезіледі.
Композитор Еділ Құсайыновтың музыкасы спектакльдің жан дүниесіне айналған. Көне сарындар көрерменді XIII ғасырдың рухани кеңістігіне жетелейді. Музыка бұл спектакльде жай сүйемелдеу емес, драматургияның толыққанды бөлшегі.
Актерлік ансамбль де жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеген. Асылбек Қапаев сомдаған Шыңғыс хан қатал қолбасшы ғана емес, мемлекет тағдырын ойлаған дана билеуші. Оның сахналық болмысы тарихи тұлғаның ішкі қайшылығын терең ашады. Оның Шыңғысы көп сөйлейтін емес, көп ойлайтын билеуші. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені ұлылық айқайдан емес, тыныштықтан көрінеді. Ол өмірінің соңына қарай жеткен ұлы билеушінің жалғыздығын, әкелік жауапкершілігін, биліктің ауыр жүгін көрсете алды. Бұл – актердің үлкен шығармашылық жетісігі, жеңісі.
Ал Қайыржан Садықов орындаған Жошы хан бейнесі қазақ театрына келген жаңа қаһармандық образ деуге болады. Ол тек батыр немесе қолбасшы емес, ел тағдырын ойлаған мемлекет қайраткері ретінде көрінеді. Оның гуманистік ұстанымы, ұлыс тағдыры үшін алаңдауы, түркі жұртының бірлігі туралы ойлары бүгінгі көрерменге де тікелей әсер етеді. Жас актердің бойынан табиғи мәдениет, сахналық ұстамдылық және кейіпкердің ішкі болмысын түсінуге деген үлкен талпыныс байқалады. Бұл рөл оның шығармашылық жолындағы маңызды белес екеніне күмән жоқ. Спектакльдің тағы бір үлкен жетістігі – актерлердің ансамбль ретінде жұмыс істеуі.
Тарихи спектакльдің көркемдік құндылығы тек сахнамен өлшенбейді. Ол қоғамға қандай ой айтты? Қандай сұрақ қойды? Қандай сезім қалдырды? Міне, мәселе осында. «Жошы хан» көрерменге біздің мемлекетіміздің тарихы кездейсоқ басталмағанын ұқтырады. Қазақ мемлекеттігінің тамыры тым тереңде жатқанын еске салады. Өнердің ең үлкен жеңісі де осы шығар.
Қойылымның тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы келуі, спектакльге жоғары баға беруі – театр тарихындағы айтулы оқиға. Бұл – бір ғана қойылымға көрсетілген құрмет емес, ұлттық театрға, тарихи жадымызға, қазақ өнеріне берілген баға.
Бүгінде «Жошы хан» спектаклі Қазақстан театр өнеріндегі тарихи тақырыпқа арналған ең салмақты шығармалардың қатарынан лайықты орын алды деп сеніммен айтуға болады. Бұл спектакль ұлттық рухты көтеретін, тарихи танымды тереңдететін, мемлекетшілдік идеяны көркем өнер арқылы ұрпақ санасына сіңіретін тағылымды дүние.
Қойылымда драматургтің тарихи танымы, режиссердің азаматтық ұстанымы, суретшінің талғамы, композитордың ұлттық болмысы және актерлердің жанкешті еңбегі бір арнаға тоғысқан. Осындай шығармалар ғана уақытпен бірге жасайды. Бүгінде «Жошы хан» тарихи драмасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы – заңды құбылыс. Мен бұл қойылымды ұлттық театр өнерінің кейінгі жылдардағы ең ірі шығармашылық табыстарының бірі деп білемін. Сондықтан шығармашылық ұжымның еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептеймін. Бұл – бір спектакльдің ғана емес, тәуелсіз қазақ театрының тарихи жады мен көркемдік ойының жеңісі. Өнерге берілген баға – ұлттың өзіне берген бағасы. «Жошы хан» сол биік бағадан көрінсін деген тілек білдіремін.
Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты