Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылын жайпап өткен дауыл жүздеген нысанға зақым келтірді. Облыс басшысы Асхат Шахаров апат болған күні шұғыл жиын өткізіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік нысандардың тез арада қалпына келтіруін тапсырған еді. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Арнайы құрылған комиссия Қарауылкелдіге барып, табиғи апаттың салдарын анықтау үшін дауыл қиратқан нысандарды толық аралап шықты. Тексеру нәтижесінде Байғанин ауданы бойынша 298 нысанның бүлінгені анықталып отыр. Оның 254-і – тұрғын үй, 14-і – әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субьектісі мен 6 әкімшілік ғимарат.
Үйі тұруға жарамсыз болып қалған тұрғынның бірі Ақбаян Есенғұлдың айтуынша, облыс пен аудан басшылары тез арада әрекет етіп, дауылдың салдарын жоямыз деп уәде берген. «Халықтың басына түскен қиындық қой. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Тек атқарушы билік баспана мәселесін ыждағаттап шешіп берсе екен», –дейді ол.
Шілденің 9-ы күнгі дауылдың Байғанин ауданына нақты қанша шығын келтіргені әзір белгісіз. Оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Олар дауыл қиратқан немесе бүлдірген әр нысанның жағдайын бағалап, құжат әзірлейді. Бұл жұмыс шілденің соңына дейін аяқталуға тиіс.
Ең маңыздысы – адамдардың жағдайы
Дауылдан кейін бірден қауіпсіздік іс-шаралары қолға алынып, баспанасы тұруға жарамсыз болған отбасылар эвакуация пунктіне орналастырылды. Мектеп-интернат ғимаратына алты отбасы уақытша қоныстанып, оларға жатын орын, балалардың ойын аймағы мен тұрмысқа қажет барлық жағдай жасалған.
Эвакуация орталығында тұрып жатқандардың бірі Марал Бекенова «Үйім де, қорам да құлап қалды. Қатты қорқып кеттім. Ай-күннің аманында баспанасыз қаламыз деп кім ойлаған? Шүкір, елдің ортасында отырмыз. Бәрі жан-жақтан қаумалап, көмек қолын созып жатыр» деді.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, апат болған күннің ертесінде-ақ Қарауылкелді ауылына ауызсу толық берілген. Сол күні кешкілік жарық та қосылған. Бүгінде газ, электр жарығы мен байланыс қызметі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Дауыл кезінде құлап қалған байланыс мұнарасы қалпына келтіріліп жатыр.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сарапшыларға шығын мөлшерін тез арада анықтап, бүлінген нысандарды ойдағыдай жөндеуді тапсырды.
– Барлық қажетті іс-шаралар уақытылы қабылданып, тұрғын үйлер мен зақымданған нысандар толық әрі тез арада қалпына келтірілуі тиіс. Зардап шеккен азаматтарға заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетіледі, – деді өңір басшысы.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасына сәйкес, дауыл қиратқан нысандар жылыту маусымы басталғанға дейін дайын болуы керек. Оған жұмсалатын қаржы бюджет есебінен бөлінеді.
Білім ошақтары бір айда жөнделеді
Табиғи апат білім беру ұйымдарын да айналып өтпеді. Қатты дауыл тұрған күні білім саласына тиесілі 8 нысан бүлінген. Қ.Мұхамбетқалиұлы атындағы мектеп-гимназия, аудан орталығындағы №2 және №3 мектеп, Қарауылкелді орта мектебі мен «Шұғыла», «Шаттық», «Рауан» балабақшалары, Байғанин техникалық колледжінің терезелері сынып, шатыры, қабырғалары бүлінген.
Осыған байланысты Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева Байғанин ауданына барып, білім беру ұйымдарының жай-күйімен танысты. Қауылкелдідегі бірнеше мектеп, балабақша мен техникалық колледжде тексеру жүргізіліп, жөндеу жұмысының жоспары нақтыланды.
Мамандардың айтуынша, білім саласына тиесілі барлық нысан жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық қалпына келтіріледі. Яғни, оқу процесіне залал келмеуі тиіс.
Спортшылардың жаттығуы тоқтамайды
Дауыл Қарауылкелдідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де бүлдірген. Қазір арнайы комиссия шығын мөлшерін анықтап жатыр. Сараптама аяқталысымен кешен жөнделе бастайды.
Ғимараттың бүлінгеніне қарамастан спортшы балалар жаттығуын тоқтатпаған. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттығатын спортшылар уақытша өзге спорт кешендеріне ауысқан. Ал жергілікті бассейннің жабылуына байланысты жаттығу жиыны Ақтөбе қаласындағы бассейндерде өтеді.
Бұл шешім жас спортшылардың дайындықтан қол үзбей, алдағы жарыстарына тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік береді.
Табиғат сынағы – бірлік сыналатын кезең
Байғаниндегі төтенше оқиға мемлекеттік органдардың, мамандардың және жергілікті тұрғындардың үйлесімді әрекетінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетті.
Байғанин халқы үшін бұл жай ғана табиғи апаттың салдарын жою емес, тұрғындардың тұрмысын қалпына келтіріп, жаңа оқу жылы мен алдағы жылыту маусымына дайындық жасау кезеңі.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе