Астанада қайтыс болған донордың жүрегі 60 жастағы науқасқа салынды

Бүгін, 12:46 / Інжу Әлихан
Денсаулық сақтау министрлігі

Астанада қайтыс болған донордың жүрегі 60 жастағы науқасқа сәтті трансплантацияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласы әкімдігінің Көпбейінді медицина орталығында әлеуетті донор анықталған. Донордың отбасы ағза донорлығына келісім бергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы донорлық үдерісті толық ұйымдастырды.

UMC трансплантологтарының қатысуымен 1966 жылы туған, жүрек трансплантациясын ұзақ уақыт күткен пациентке ота сәтті жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес тұрақты.

Денсаулық сақтау министрлігі донордың отбасына қабылдаған ізгі шешімі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ведомство Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мамандарына, донорлық аурухананың дәрігерлеріне, UMC трансплантация бригадасына, санитариялық авиация қызметкерлеріне және донорлық үдеріске қатысқан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.

Қазір Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр. Олардың ішінде 4 208 адамға бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе, ал 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау қажет.

Министрлік қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға берілген әрбір келісім трансплантацияны күтіп отырған науқастар үшін өмірге деген үміт екенін атап өтті.

Тэгтер:

Астана трансплантация донор жүрек