Алматыда сөмкесінде қауіпті зат бар деп әзілдеген 22 жастағы жігіт бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Алматы полициясының баспасөз қызметі метродағы сәтсіз әзілдің қамауға алумен аяқталғанын мәлімдеді.
"Райымбек" метро станциясында тексеру кезінде жас жігіт қауіпсіздік қызметкеріне сөмкесінде қауіпті зат бар екенін айтқан. Бұл ақпарат бірден полицияға жеткізілді. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, аумақты тексерді. Тінту барысында қауіпті немесе тыйым салынған ешқандай зат табылған жоқ. Кейін 22 жастағы алматылық бұл сөзді әзіл ретінде айтқанын мойындады", – делінген хабарламада.
Алайда полиция мұндай мәлімдемелердің елеулі салдарға әкелетінін атап өтті.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жас жігіт жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алынды.
"Адамдарды алаңдатып, қауіпсіздік қызметтерінің жұмысын бұзуы мүмкін кез келген жалған хабарлама әзілге жатпайды. Мұндай әрбір мәлімдеме міндетті түрде тексеріледі, ал кінәлілер жауапкершілікке тартылады", – деп ескертті Полиция департаменті.