Көшеде оғаш қылық көрсетіп, билеген астаналық бойжеткенге айыппұл салынды

16 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
Астана ПД

Астанада әлеуметтік желіге ерекше видео түсірмек болған 23 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол көшедегі жол белгісіне шығып, оны айнала билеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция қызметкерлері бұл видеоны әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтаған. Жарияланған кадрларда бойжеткеннің жаяу жүргіншілер өткелінің белгісіне жармасып, би билеп жүргені көрінеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бойжеткен көп қаралым жинайтын контент түсіру мақсатында қоғамдық тәртіп талаптарын елемеген. Оның әрекеті қалалық инфрақұрылым нысанының бүлінуіне де әкеп соғуы мүмкін болған.

Тәртіп сақшылары видеоға түскен қыздың жеке басын жедел анықтады.

"Бойжеткен ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды", – деп хабарлады Астана қаласының полициясы.

Полиция тұрғындарды әлеуметтік желіге контент түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты қарауға шақырды.

Тэгтер:

Астана Көше